МОПЕД МІНГЕН ХАТ ТАСУШЫ

Халық арасында қазір елге қызмет етіп, сол еңбектің ләззатын, рақатын көріп жүрген жандар аз емес. Солардың қатарынан аққыстаулық Жанаргүл Мұханбетованың есімін атауға болады.

Бұдан екі-үш апта бұрын аудан әкімі Полымбет Максимұлы өзінің Facebook парақшасында сөз еткелі отырған кейіпкеріміз туралы жақсы лебіз білдірген еді. Оны қайталап айтып жатқым келмейді. Ол қазір аудандық пошта байланысы торабында хат тасушы (курьер) болып еңбек етеді. Күнделікті хат-хабар мен корреспонденция, сәлемдемелер, мерзімді басылым болып есептелетін газет-журналдарды бүкіл ауылды жаяу аралап жүріп жеткізу де оңай шаруа емес. Әсіресе, қыстың бет қарыған суығы мен жаздың апшыны қуырған ыстығында тіптен қиын. Өзіміз көп жылдардан бері  баспасөз саласында үздіксіз еңбек келе жатқандықтан, бұл көрініске талай рет куә болғанбыз. Ал хат тасушының қоғамдағы рөлі мен қандай қызмет атқаратыны туралы айтып жатудың өзі артық. Жуырда соңғы кездері жұрт мақтап жүрген Жанаргүлмен кездесудің сәті түсті.  Мен барғанда, хат тасушы Ж.Мұханбетова сейсенбі күні келген газет-журналдарын өзіне бекітіліп берген көшелер мен мөлтек аудандарға  таратайын деп жатыр екен. Курьерлік қызметіне кіріскен сәттен бастап-ақ өзіне екі дөңгелекті электрокар сатып алыпты.

– Жұмысқа өткен жылы кірдім. Одан бұрын Атырау қаласында колледжде оқыдым.  «Достық» компаниясында, кірпіш зауытында, аудандық спорт мектебінде еңбек еттім. АТП, Гран, Қаратүбек ауылдарына 400-дің үстінде үйге хат-хабар, газет-журналдар тасимын. Оның ішінде аудандық, облыстық, республикалық газеттер де бар. Келісімшарт бойынша еңбек етемін. Басты мақсатым – сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері келген баспасөз басылымдарын дер кезінде үй-үйге жеткізу. Еңбегім  бірнеше рет еленді. Бір сөзбен айтқанда, өз мамандығымды сүйемін. Елдің алғысын алу мен үшін үлкен абырой, бедел,-дейді ол бізбен болған қысқа әңгімесінде.   

                                                                              Аяпберген САЛИХОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521