Мәре сызығында – марафоншылар мен велошабандоздар

 

Тұщықұдық ауылдық округінде өткен мерекелік марафон мен веложарыс күннің шырайын кіргізіп, ауыл жастарының жігері мен қайратын айқын көрсетті. Аудан көлемінде Конституция күніне орай ұйымдастырылған спорттық шаралар тек жарыс қана емес, бірліктің, достықтың, қуаныштың алаңына айналды.

Ғ.Рамазанов көшесінен бастау алған спорттық сын М.Ғалиев көшесіне дейін жалғасып, қатысушыларға екі шақырымдық қашықтықты еңсеру міндеттелді. Қарапайым ауыл жолы бұл күні нағыз спорт додасының сахнасына айналды. Әрбір жас спортшы мәреге жетуді ғана емес, өз күш-жігерін сынауды көздеді.

Жүгіру марафоны ауылдағы ең тартысты сәттердің бірі болды. Қатысушылардың арасынан мәреге алғаш болып жеткен Ернар Темірғалиев жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды Бексұлтан Төребаев пен Манарбек Ғалижанұлы иеленіп, жүлделі үштікті түйіндеді.

Қыздар арасында да бәсеке жоғары деңгейде өтті. Бұл сында Тілек Толизия өзгелерден оқ бойы озып шығып, бірінші орынға лайық деп танылды. Оның ізін ала Ақгүл Сафуан мәреге жетіп, екінші орынды еншіледі.

Ал велосипедшілер арасындағы додада Ықылас Нұрманбек өзгелерден қара үзіп, бірінші орыннан көрінді. Қайсарлы қадамымен көзге түскен Нұрболат Құсайынов пен Ералы Қайырболат тиісінше екінші және үшінші орындарды иеленді.Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етіліп, марапаттау сәтінде ауылдың шат-шадыман дауысы алыстан естіліп тұрды. Бұл қуаныш тек жеңімпаздардың ғана емес, барша ауыл тұрғындарының ортақ мерейі болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар еңбек адамдарының тек кәсіби салада емес, спорттық ортада да белсенділігін арттырып, бір-бірімен жақын араласуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ұжымдардағы ынтымақ пен татулықты нығайтады.

Спорт – елді біріктіретін күш. Конституция күніне арналған осындай шаралар жас буынға серпін беріп қана қоймай, әрбір тұрғынның бойына рух пен жігер дарытты. Жарыс жолында өткен әрбір тартысты сәт – достық пен татулықтың, елдік пен бірліктің жарқын көрінісі болды


Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT