Мәслихат депутаттары жастармен ашық пікір алмасты

(0 Votes)

Қай қоғамда болсын жастар – елдің ертеңі, ұлттың тірегі, жаңашылдықтың жаршысы. Олардың білімге құштарлығы, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын белсенділігі – мемлекеттің дамуының басты кепілі. Сондықтан жас буынмен жүйелі түрде кездесіп, пікір алмасу, бағыт-бағдар беру – уақыт талабы. Осы орайда аудандық Жастар ресурстық орталығында өткен аудандық мәслихат депутаттары Жәнібек Ещанов пен Ақмарал Тахаеваның жастармен кездесуі тағылымы мол, мазмұнды жиын болды.

Кездесуде спикерлер өздерінің өмір жолдары мен депутаттық қызметтеріндегі тәжірибелерімен бөлісіп, жүріп өткен жолдарынан сыр шертті. Әсіресе, олардың қарапайым еңбек пен табандылықтың арқасында биік белестерге жеткені жастарға ерекше әсер қалдырды. Жастар тарапынан қойылған сауалдар да сан алуан болды. Аудан көлеміндегі өзекті мәселелер, әлеуметтік түйткілдер, кәсіпкерлік пен білім саласына қатысты ой-пікірлер ортаға салынды. Жәнібек Сапаұлы ұстаздық жолындағы қызықты сәттерін еске алып, шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталды. Ол жас ұрпаққа адал еңбек етіп, қай салада болмасын кәсіби біліктілікті шыңдау керектігін атап өтті. Ұстаздық пен депутаттық қызметтің ортақ тұсы – халыққа қызмет ету екенін тілге тиек етіп, жастарды білім мен тәртіпті өмірлік ұстаным етуге шақырды. Ал Ақмарал Мәдиқызы кәсіп бастауға ниетті жастарға жеке кәсіпкерліктің қыр-сырын кеңінен түсіндірді. Бизнес ашудағы алғашқы қадамдар, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері, табысқа жетудегі табандылық пен жауапкершілік туралы құнды кеңестерін ортаға салды. Оның сөзінен іскерлік пен жігердің, батылдық пен сенімнің лебі сезілді. Бұл өз ісін бастағысы келетін жас буынға үлкен мотивация болды. Кездесудің тағылымына қанық болған белсенді жастардың бірі, «Ауыл» партиясының  аудан бойынша Жастар қанатының жетекшісі Асанәлі Мағзомов та өз ойын білдірді. 
- Мұндай жүздесулердің жастарға бағыт-бағдар беретіні, саяси сауаттылықты арттыратыны сөзсіз. Мен де болашақта депутаттық мандатқа ие болып, халық мүддесі үшін еңбек етуді мақсат етемін. Қазіргі жас буынның ел басқару ісіне араласуға деген ұмтылысы орасан зор. Елге қызмет ету – әр азаматтың парызы. Егер мүмкіндік туса, туған жерімнің дамуына өз үлесімді қосқым келеді,-дейді белсенді жас.
Аталған жүздесу – жас буын мен халық қалаулылары арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтқан маңызды шара. Жастарға сенім арту – елдің ертеңіне сенім арту. Ал ел болашағын жарқын ету – білімді, белсенді, жауапкершілігі жоғары ұрпақтың қолында. Сондықтан осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас буынның биік мақсаттарға ұмтылуына серпін бере бермек.

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT