МҮГЕДЕКТІГІ БАР ЖАННЫҢ МҰҚТАЖЫ АЗ ЕМЕС

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, оларды қолдау қай уақытта да қажетті іс саналған.  Оларға көрсетілетін көмек, жасалынатын қамқорлық, берілетін жеңілдік, бәрі-бәрі сол қорғау мен қолдау бағытындағы қарекеттер. Бұл жұмыс ауданда қалай жүруде? Осы және өзге де мәселелерге орай сауалдарымызды аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектігі бар адамдармен, ардагерлермен жұмыс және мемлекеттік төлемдерді төлеу жөніндегі бас маманы Сахибеденова Хауазира Асқарқызына жолдаған едік.

-Мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар жандар, өкінішке орай, қайда да аз кездеспейді. Осыдан кейін, осы біздің ауданда қанша адам мүгедектігі бар адамдар есебінде тұрады екен деген де сұрақ туындайды. Шындығында да олардың саны қанша, бұл санаттағы жандармен жұмыс қазір қай бағыттарда жүргізіліп отыр?

-Жалпы аудан бойынша алғанда, күні бүгінге мүмкіндігі шектеулі 858 адам есепте тұрады. Олардың 82-сі - І топтағы, 332-сі – ІІ топтағы, 305-і ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар. Мүгедектігі бар бала саны – 139.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет түрін айтқанда, қазір 33 мүгедектігі бар адамды 33 жеке көмекші қамтып отырғанын айтуға болады. 13 ымдау тілі маманы 13 мүгедектігі бар жанды қамтиды.

Бөлім бойынша мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түріне келсек, олар:

  1. Мүгедектігі бар балаларды үйден оқытуға арналған шығындарды өтеу;
  2. Мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етуге құжаттар әзірлеу;
  3. Жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу;
  4. Мүгедектігі бар адамдарға техникалық қосымша құралдармен қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу;
  5. Есту кемістігі бар мүгедектігі бар жандарға жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының қызметтерін қамтамасыз етуге құжаттар рәсімдеу;
  6. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу;
  7. Мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу;

 Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік өтемақы төлеу, куәлік беру.

-Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтажы аз болмайды, сондықтан оларға қандай көмек те көптік етпесі белгілі. Бұл енді мүгедектігі бар балалардан бастап қолға алынып, қолдау табылып жатса ғанибет емес пе?

-Аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 21 тамыздағы №323-VI «Мүгедектігі бар адамдар қатарындағы кемтар балаларды  жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарын айқындау тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы»  шешіміне сай 9 балаға айлық есептік көрсеткіштің 2,4 еселігі 8280 теңгеден төленіп отыр, бұл жазғы демалыс – маусым, шілде, тамыз айларына төленбейді.

Сонымен қатар «Жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы тірек қимыл-қозғалысы бұзылған және психоневрологиялық ауытқушылығы бар 12 мүмкіндігі шектеулі бала арнау-лы әлеуметтік қызмет алуда. Бөлім арқылы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында демеуші мекемелер, еріктілер арқылы көмектер көрсетіліп отыр.

Аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 6 маусымдағы №94-VI шешімінің қосымшасына сәйкес барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және 16 жас-тан 18 жасқа дейінгі І,ІІ,ІІІ топ мүгедектігі бар балаларға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет 50000 (елу мың) теңге мөлшерінде біржолғы көмек те төленеді.

-Мүгедектігі бар жандарды сауықтыру бағытындағы жұмыс та назарда болар? Мұндай қызметті алу үшін қандай қарекеттер жасалуы керек?

-Біздің бөлім арқылы осал топқа жататын азаматтарға арналған жалпы 14 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған санаториялық-курорттық қызмет беру де бар. Яғни, мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды да санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету - мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бір парасы.

Ол қалай алынады дегенге келсек, ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе электронды түрде өтініш беріледі. Өтініш берген соң Е собес ақпараттық жүйесі арқылы орындалып, смс хабарлама барады және әрі қарай әлеуметтік қызметтер порталына енеді. Мүгедектігі бар адам өзінің электронды цифлы қолтаңбасы арқылы кіріп, қай күні, неше күнге, қай қалаға баратынын таңдап айтып және брондап қоюы керек. Брондалған соң, санаторияда орын бос болса, растау (подтверждение) береді.

-Мүгедектігі бар адамдарға деген инватакси қызметіне бұрын көп реніштер болғанын білеміз. Ол қазір жолға қойылды ма, не істелініп жатыр?

-Жалпы, инватакси қызметі үшін қаралған қаржы 15480,0 теңге болып отыр.

Ағымдағы жылдың 3 сәуірінен бастап аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарға, диалезбен ауыратын адамдарға, көзі көрмейтін зағип жандарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инватакси қызметі жұмыс жасайды қазір. Мемлекеттік тапсырыс негізінде инватакси қызметін жүзеге асыратын «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігі болып белгіленген. Инватакси қызметін пайдалану үшін өтінім беру қажеттілігі әлеуметтік желілер арқылы жарияға беріліп жатыр. «Сенім шыңы» бірлестігі өкілі Марат Уразғалиевтың 8701 318 7629 нөмірлі телефонына хабарласуға, заңда белгіленген тиісті құжаттарды беру арқылы қызмет түрін алуға болатыны аталған такси қызметін пайдаланушыларға түсіндірілуде.

-Әңгімеңізге рахмет. Қызметтеріңізге береке берсін!

 

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521