Мұнайшы әулеттің Маржаны

Балықшылар әулеті, жылқышылар әулеті деген сияқты, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар әулеттері бұрыннан бар ұғымдар десек, соңғы уақытта соларға қосылған мүнайшылар әулеттерінің де уақыт көшінде көбейіп келе жатқанына куәміз.

Мереке қарсаңында біз жолыққан Қаділжан Маржан Қаділжанқызы да осындай әулеттен екен.

1985 жылы 12 шілдеде Аққыстау ауылында өмірге келген Маржанның әкесі Қаділжан Сағынаев мұнайшы технолог болса, анасы Ақайнаш Қабделова - мұнайшы геолог. Екеуі де «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан зейнеткерлікке шыққан олардың үлкені Тұңғышбек - мұнайшы, Ақжандары қазір басқа салада жүргенімен мұнай саласының оқу орнын бітірген маман, біз әңгімелеп отырған Маржандары геолог болса, кенжелері Елжас - МГӨБ программисі. Маржанның жолдасы Роллан Ниетбайұлы да мұнайшы екен. 2002 жылы Абай атындағы орта мектепті тамамдап, Атырау политехникалық институтын 2007 жылы геолог мамандығы бойынша бітіріп шыққан дипломды жас маман Маржан жиенін «СБК Қазмұнайгаз-Бұрғылау» ЖШС-не қолынан жетелеп алып барған нағашы атасы марқұм Ғарифолла Қабделов те өндірісті ортаның өз адамы еді. Аталған мекемеде участок бастығы, бұрғылау шебері болып ұзақ жылдар жемісті қызмет қылған аға буын әріптестерінің сөзін мұндағылар да жерге тастамады. Бұл 2008 жыл болатын. 

Алғашында лаборант болып жұмыс жасаған Маржан бір жылдан соң геолог қызметіне ауысты. Содан бері арада он үш жыл өте шықты. Жүргізілген жұмысқа акті толтыру, бұрғылау қондырғысы ісі, қазылған бұрғылау қондырғысының техникалық каталогін жүргізу және басқа жауапкершілікті қарекеттерді қажет ететін, жер асты байлығын іздеп, кең дала төсінде, ашық аспан астында, аптап ыстық пен үскірік аяздарда жұмыс жасап, сол жанқиярлықпен жетістіктерге жетіп жататын геолог қызметіне әбден төселіп алған Маржан осы қызметке деген қызығушылығы қалай оянғанын да әсте ұмытқан емес.

Әлі есінде, ата-анасы еңбек ететін басқармадағы жаңажылдық ертеңгіліктерге баратын бұлар. Ол басталғанша анасының жұмыс кабинетінде күтетін. Бала емес пе, қабырғадағы түрлі-түсті бояумен сызылған жер қималары схемасына қызыға қарайтын. Түрлі-түсті қаламмен карта сызып отырған анасын сұрақтармен мазалайтын. Жұмысбасты болып отырған анасы «ертең өзің геолог болғанда оның сырын терең түсінесің» деп қысқалау жауап қататын, ал бұл бәрін білгісі келетін. Сол қызығушылық ақыры мұның геолог мамандығын таңдауына себепші болды. Мамандығын сұрағандарға геологпын десе, «ә-ә, биологпысың» дейтіндер қыз балаға геолог мамандығын қол көрмейтіндер-ау деп пайымдайды. Алайда, білгенге ол да маңызды сала. «Президентіміздің өзі жақында геология саласына көңіл бөлінуі керектігін, оны қолдау қазіргі жаңа Қазақстан үшін кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты ғой» деген оның жүзінен өз мамандығына деген мақтаныш табын да аңдау қиын емес.

Жолдасы Роллан екеуі төрт перзент үйіп, тәрбиелеп отырған Маржан биылғы мерекені қызметте жүріп қарсылауына тура келетінін айтып қалды.

- Қазір ауысымдық әдіспен ауылдан жырақ кен орындарын бұрғылау жұмыстарында жүріп жатырмын. Кейбір адамдарға қиындау көрінгенімен өзім қалаған мамандық, жұмыс нәтижелі болып, жетістікке жетіп жатсаң қиындықтың бәрін ұмытасың. Зейнеттегі ата-анам да бұл кездерде балаларыма қарасып отырады, - дейді геолог келіншек.

Аналарды, апа-сіңлілерін келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтайтынын білдірген ол «халқымыз аман болып, уайым-қайғысыз бейбіт өмір сүрсінші» деген ізгі ниетімен де бөлісті.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT