Мұрат Бектеновтің жаңа кітабы жарық көрді

Жақында Мұрат Бектеновтің «Көкжалдар айқасы» атты жаңа кітабы жарыққа шықты.

Исатай ауданының Құрметті азаматы, ардагер мұнайшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы, қарымды қаламгердің бұл еңбегі «Атырау-Ақпарат» баспасынан басылып шықты.

Бұл деректі-танымдық көркем туындыда Еділ-Жайық қос өзен аралығындағы Каспий теңізі жиегін кемерлеп, шайып жатқан Нарын құмын мекендеген қазақ халқының кәсіби аң аулау дәстүрі, сондай-ақ түз тағысы-қасқыр аулаудың да қыр-сырын меңгерген аңшылар өмірі баяндалады.

Автор «Қасқырда қас қылмайды жолдасына» дегендей, түркі тектестердің киесі саналған көкбөрінің ешбір аңға ұқсамайтын қайсарлығын дәріптей отырып, оны жол талғамайтын қымбат көлікпен қуған бай-бағландардың сорақы тірліктеріне тойтарыс беруге тырысады. «Мың асқанға бір тосқан» демекші, қасқырдың киесі аңшылық дәстүр үзіліп қалмасын деген ниетпен арланнан айласын асырған кәнігі қасқыршылардың көзін көрген, өзін көрген адамдардан естеліктер топтамасын ерінбей-жалықпай жинастырып, тәжірибелерін таратуға талпыныс жасаған.

Сондай-ақ кітаптың «Сиқырлы әлем» тарауында қасқырдың, аққу құстың киесі, ел ішінде аңызға айналған қарақұс, жылан аруақтар туралы үлкен тақырып берілген. Бір сөзбен айтқанда, сырты әсем нақышпен көркемделген бұл кітаптың оқырман қауым үшін берер тағылымы зор екені сөзсіз.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT