МУЗЕЙДЕГІ МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ

Биыл аудан өміріндегі өзгерістер мен жаңалықтар жаршысы саналатын, қоғамдық -саяси өміріміз бен өткен тарихымыздың шежірешісі бола алатын, облыс, ел аумағындағы елеулі оқиғалардан да оқырманын хабардар етіп отыратын, сонысымен де қалың бұқараның айнымас серігіне айналған аудандық «Нарын таңы» газетінің негізі қаланғанына 70 жыл отыр.

Алғашқы саны 1953 жылдың 18 ақпанында «Малшылар үні» деген атпен жарық көргелі бергі жеті ондық белестің биігіне шығып, тамыры тереңге кеткен газетіміздің аудан жұртшылығы үшін алатын орны мен шоқтығы қашанда биік екені сөзсіз. Оған басылымның өткен тарихы мен бүгінгі тірлігі куә.

Өткен бейсенбіде И.Тайманұлы атындағы аудандық музей бөлімшесінің ұйымдастыруымен басылымның 70 жылдық мерейтойына арналған «Газет–өмір айнасы» тақырыбында редакция ұжымы және ардагерлерімен болған кездесу кешіндегі әңгіме өзегі де негізінен осы төңіректе өрбіді. Аталған шараға аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Шынар Махсутова, «Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ оқушылары қатысты. Кездесу қонақтары - басылымның бас редакторы Нұрболат Нұғманов, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы Аяпберген Салихов, журналистер Жоламан Дәулетияр мен Жайна Мәлімқожа, баспахана ардагері Өсила Есболайқызы өз кезектерінде газеттің өткен тарихы мен журналистік мамандық, шығармашылық жұмыстың қызықтары мен қиындықтары туралы естелік әңгімелер айтып, оқушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға мазмұнды жауаптар қайтарды. Ерекше қызығушылықпен журналист ағаларына бірнен кейін бірі сауалдар жолдап, «Газеттің алғашқы нөмірі қашан, қалай шықты?», «Мақала қалай жазылады?», «Хаттар қалай өңделеді?», «Ақпаратты қайдан, қалай аласыздар?», «Газет беті қалай безендіріледі?»,  т.б. сұрақтарына берілген жауаптардан қызықты мәліметтерге қанықты. Сондай-ақ кездесуде оған жиналғандар аудандық орталық кітапханалар жүйесінің жасақтаған «Газет–уақыт үні» көрмесімен танысып, сыр-сұхбат жүргізді. 

_dsc0132

-Иә, қашанда ел үшін бұқаралық ақпарат құралдарының маңыздылығы жоғары. Соның ішінде ауданымыздың айырықша жаңалықтарынан үнемі хабардар етіп отыратын қоғамдық-саяси басылым «Нарын таңы» газетінің орны аудан халқы үшін ерекше екені даусыз. Билік пен бұқара арасындағы көпір болған газеттің тарихымен бүгінгі шара барысында жақынырақ танысып, тың ақпараттар алдық. Ата-анамыз біздің кішкентай кезімізде «Нарын таңын» қолымызға беріп, оқытатын еді. Енді міне, біз де осы газетпен бірге өскендейміз. Журналист ағаларым мен редакция ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын,-деді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова.

_dsc0154

Кездесуде Өсила Есболайқызы да өз естеліктерімен бөлісіп, өздері еңбек еткен уақытта, яғни осыдан қырық жылдай бұрын баспаханада газет қалай дайындалып, шығарылғаны туралы айтып берді.

Осылайша әсерлі де әдемі өткен шара соңында оны ұйымдастырушылар атынан сөз алған музей бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмарал Бақытжанқызы газет редакциясы мен жекелеген ардагерлеріне Құттықтау хаттар табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды.

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT