МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ТАРТЫСТА «ҚҰРМАНҒАЗЫ» ОЗЫҚ ШЫҚТЫ

 

Тұщықұдық ауылында қысқы спортты дамытуға бағытталған маңызды бастама жүзеге асуда. Х.Дайырова көшесінде жалпы аумағы 800 шаршы метр болатын хоккей алаңы пайдалануға беріліп, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Бұған дейін аталған спорт нысанының ашылатыны жөнінде айтылған болатын. Енді сол бастама нақты іске айналып, ауыл балалары мен жасөспірімдері үшін шайбалы хоккеймен тұрақты айналысуға жағдай жасалды. Жаңа алаң жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қысқы спорт түрлерін дамытуға оң ықпал етпек.

 

 

Осы спорт алаңының іске қосылуы аясында бүгін Тұщықұдық ауылында «Алтын шайба» шайбалы хоккейден әуесқой командалар арасында облыстық ашық турнир өтті. Жарысқа Атырау қаласы мен Индер, Құрманғазы, Махамбет, Исатай аудандарынан келген 5 команда қатысты. Әр команда құрамында 10 ойыншыдан өнер көрсетті.

Тартысты өткен турнир барысында хоккейшілердің шеберлігі, командалық рухы мен жеңіске деген ұмтылысы айқын көрінді. Мұз үстіндегі әрбір ойын ауыл тұрғындары үшін ерекше әсерлі сәттерге толы болды.

 

 

Спорттық шараның ұйымдастырушысы – аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қазыбек Тұрақбайұлының айтуынша аталмыш жарыстардың арқасында болашақ ұрпақты салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, олардың бойында тәртіп, табандылық пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратынын атап өтті.

 

 

-Бүгінгі турнир – ауданымыздағы қысқы спортты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Тұщықұдық ауылында ашық аспан астындағы хоккей алаңының іске қосылуы – балалар мен жастарға жасалып отырған нақты қолдау. Бұл алаң алдағы уақытта да көптеген жарыстар мен спорттық кездесулердің ордасына айналатынына сенім білдіреміз – деді Қазыбек Тұрақбайұлы.

 

 

Жарыс қорытындысы бойынша Құрманғазы ауданынан келген «Құрманғазы» командасы І орынды иеленсе, Махамбет ауданынан «Alimai» командасы ІІ орынға тұрақтады. Ал Атырау қаласынан келген Еркінқала құрамасы ІІІ орынға қол жеткізді.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT