Мұзбалақ жырдың мұрасы

 

Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, өлеңімен ұлттың рухани болмысын асқақтатқан Мұқағали Мақатаев – халқымен бірге жасайтын, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін бірегей ақын. Биыл жыр алыбының туғанына 95 жыл толып отыр. Бұл – күллі қазақ руханияты үшін мерейлі белес, ұлттық сөз өнерінің салтанатты сәті.

Мұқағали поэзиясы – адам жанының тереңіне бойлаған шынайы лирика. Оның өлеңдерінен туған жерге деген сағыныш, ел мен тілге деген адалдық, өмірдің мәні мен адам тағдырына қатысты философиялық толғаныс айқын аңғарылады. Жасандылықтан ада, жүрек сүзгісінен өткен бұл жырлар оқырманын ойландырып қана қоймай, рухани тазаруға жетелейді. Сондықтан да ақын өлеңдері бүгінгі жас ұрпаққа да жақын, заманауи оқырманға да түсінікті.

Осы рухани мұраны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, поэзияға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында аудан өңіріндегі кітапханаларда дәстүрлі түрде мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойы аясында аудандық кітапханада Орталық кітапхана мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мұзбалақ жырдың мұрасы» атты поэ-зия кеші өтті.Поэзия кеші барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған мазмұнды әңгімелер өрбіді. Қатысушылар Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, жүрекке жеткен жыр жолдары арқылы ақын әлеміне терең бойлады. Кеш мазмұны жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухты нығайта түсті. Шараға ақын шығармашылығын терең білетін жанкүйерлер, әдебиет сүйер қауым мен жастар қатысты. Тағылымды іс-шараның алғы сөзі З.Шеруеноваға беріліп, ол өз сөзінде ақиық ақынның шығармаларын атап өтіп, ұлттық руханият үшін құнды мұра екендігін тілге тиек етті. Келесі кезекте аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Н.Ателов жылы лебізін білдіріп, қатысушыларды белсене қатысуға шақырды.

Кеш барысында А.Сағын, Ә.Жексенбай, Ж. Уәлижан, І.Әлібай, А.Өтеғалиева, С.Қайыр, А.Мерекеұлы сынды қатысушылар Мұқағалидың «Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай», «Жоқ, дәрігер», «Ей, өмір», «Аққулар ұйықтағанда», «Ғашықпын» және басқа да өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырларындағы терең философиялық ой мен сыршыл сезімді көпшілікке жеткізе білді. Әрбір өлең оқырманды ойға жетелеп, ақынның адам өміріне, тағдыр мен махаббатқа деген көзқарасын айқын көрсетті. Сонымен қатар ақын поэзиясының көркемдігін әнмен өрнектеген өнерпаздар Ә.Жұмашев, А.Тарихұлы, А.Жұмабекқызы орындаған шығармалар кештің мазмұнын байытып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Мұқағали мұрасын ұлықтауға арналған мұндай тағылымды шаралар ауданның өзге де кітапханаларында жалғасын тапты. Мыңтөбе, Амангелді ауылдық кітапханаларында «Мәңгілік жырдың символы – Мұқағали», «Поэзия – менің тағдырым», «Ақын рухына тағзым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылса, Аққыстау ауылдық кітапханасында «Мұқағали – мәңгілік мұра» атты видеослайд көрсетілді. Ал Исатай ауылдық кітапханасында «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты әдеби кеш өтті.

Мұқағали – өткеннің ғана емес, бүгіннің де, келешектің де ақыны. Оның өлеңдерімен бірге қазақтың рухы, қазақтың сөзі мәңгі жасай береді. Ақынның өмір жолына тоқталсақ, Мұқағали 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған есімі – Мұхаммедқали. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, өмірдің ауыртпалығын ерте сезінді. Бұл кезең оның шығармашылығына терең із қалдырып, поэзиясында мұң мен үміт, қайсарлық пен сабыр қатар өрілді. Кейін Алматы қаласында С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, әдеби ортада қалыптасты. Оның «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда» сияқты поэма-толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері қазақ әдебиетінің алтын қорын байытты. Сонымен қатар Уильям Шекспир мен Уолт Уитмен шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті. Ақын жырларының өміршеңдігі – оның шынайылығында. Мұқағали оқырманмен биіктен емес, қатар отырып сөйлейді. Сол себепті оның өлеңдері қанша жыл өтсе де маңызын жоғалтпай, әр қазақтың жүрегінен орын тауып келеді. Мұқағали – бір дәуірдің емес, мәңгіліктің ақыны.

Қорыта айтқанда, атақ пен мансапты мақсат етпей, бар ғұмырын ұлттың тілі мен руханиятына арнаған, небәрі қырық бес жылдық өмірінде өлшеусіз мұра қалдырған Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын бүгінгі және келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз. Ақын жыры  халық жүрегінде мәңгі жаңғырып, уақытпен бірге жасай бермек.


    
Маусым ТУЛЕУИШОВА,
аудандық орталық кітапхананың библиографы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT