Бүгін Исатай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Серік Сәрсенұлы Ерубаев арнайы іссапармен келді.
Сапар аясында халық қалаулысы алдымен Жанбай ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қайрденов, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында аудан ардагерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Түстен кейін халық қалаулысы Аққыстау ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жиында аудандағы негізгі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, «Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы, мал өткелінің жоқтығы, мал шығыны, жол бойындағы келеңсіз оқиғалар жөнінде сөз болды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар мәселелер де талқыланды. Оның ішінде зейнетақыны ортақ бір сомаға тұрақтандыру, дәрігерге қаралу үшін артық талаптардың көптігі туралы айтылды.
Көпшілік арасынан сөз алған ауыл тұрғындары Талғат Тасмағамбетов, Ибатолла Сәтенов, Қожантай Сыдихов, Құрманғали Мұхтаров көтерілген мәселелердің оң шешімін тауып, Мәжіліс депутатының осы түйткілдердің шешілуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Жиынға жиналғандардың басым бөлігі «Атырау-Астрахан» тас жолының толық аяқталмай тұрғанына көңіл толмайтынын жеткізді.
Кездесу соңында марапаттау рәсімі өтті. Өткен жылы табиғи апаттарға қарсы күресте табандылық пен батылдық танытып, ұйымшылдық көрсеткен ауыл белсенділері «Ақ жол» Демократиялық партиясының Ұлттық кеңесі атынан «Апатпен күрескені үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Айбар Қарабалин, Саясат Кадиров, Махсат Касимов, Жанар Мусаева, Қуанышбек Әбежанов, Мұратбек Хайдаров, Санжар Айдарбек сынды еріктілер бар. Еріктілердің еңбегі еленіп, құрметке бөленді.
Сағыныш ҚАЙЫР