«Ән аспанында қалықтаған – Насипа»

суреттер автордікі

 

Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен «Ән аспанында қалқтаған – Насипа» атты аудандық ән байқауы өнер сүйер қауымды әсем әуенмен тербеді. Бұл кеш – талантты әнші, «Қарлығаштар» вокальды-аспапты ансамбльдің сүйікті солисті, мәдениет саласының ардагері Насипа Жұмашованың жарқын бейнесін дәріптеуге арналды.

 

 

Өнер бәйгесі шымылдығын Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Қибатоллаұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға ауданымыздың әр ауылынан келген өнерлі қыз-келіншектер қатысып, жерлес әншінің шығармаларының бірін орындады. Әнге деген іңкәрлігін, сахна мәдениеті мен дауыс мүмкіндігін паш еткен арулардың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалады.

 

 

Ал әділқазылар құрамында Аққыстау ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбану Кабулова Гүлбану Кабулова, Мәдениет саласының ардагері Светлана Жылқышиева, «Қарлығаштар» ансамблінің мүшесі, режиссер Сағия Кемпірбаева және Жанбай балалар саз мектебінің директоры, «Айгөлек» ансамблінің жетекшісі Кенжемұрат Мажитов, «Жалын» мәдениет үйінің музыка жетекшісі Әділбек Жұмашов болды.

 

 

Сахна төріне шыққан қыз-келіншектер әр әуезді әнді жүректерін тербете орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, тәнті етті.  Осылайша шаршы топтан алға озып шыққан жанбайлық Әсемгүл Аманжанқызына бас байрақ бұйырды. Көптің көңілінен қоңыр үнімен, сахна үстіндегі мәдениеттілігі мен салмақты болмысы арқылы дараланған қамысқалалық Назерке Жаншина бірінші орын иеленді. Одан бөлек, халықтың ыстық қошыметіне бөленген тұщықұдықтық Гүлшат Даулетьярова екінші орын, Нарын ауылының жалауын желбіретіп шыққан Марта Жанғалиева үшінші орынға лайық деп танылды. Сонымен бірге, исатайлық Дина Хайрова мен зинедендік Индира Қабденова Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйі мен Аққыстау халық театрының арнайы жүлдесі табысталды. Барлық қатысушыларға қаржылай сый-сияпат тарту етілді. Кештің тағылымды сәттерінде Насипа Хамметқызының сыныптас-құрдастары мен туған-туыстары сахна төріне көтеріліп, естеліктерімен бөлісті. Ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, марқұмның жарқын бейнесін еске алды. 

 

 

– Бүгінгі өткен «Ән аспанында қалықтаған – Насипа» атты байқау біздің жүрегімізге ерекше жылылық сыйлады. Ардақты әпкеміздің, асыл жанның өнердегі еңбегін еске алып, оны дәріптеп жатқан ел-жұртына шексіз ризамыз. Насипа – тек отбасымыздың емес, бүкіл ауданның мақтанышы болды. Оның әнге деген сүйіспеншілігі, адамгершілігі мен мейірімі ел есінде мәңгі сақталмақ. Осындай тағылымды кешті ұйымдастырып, Насипаның рухын асқақтатқан мәдениет үйінің ұжымына, аудан басшылығына, қазылар алқасына және өнер көрсеткен барлық аруларға алғыс айтамыз. Бұл кеш біз үшін үлкен естелік, ұрпаққа тағылым болып қалары анық,- деп тебірене сөйлеген Алма Ғизатуллина кеш өнерпаздары мен мәдениет ұжымына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын табыстады.

 

 

Екі сағатқа созылған ән байқауы – өнерсүйер қауымға рухани серпіліс сыйлап қана қоймай, аудан мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар айтулы оқиғаға айналды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT