Н.ҮЛКЕНБАЙҰЛЫ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ЖАҢА БАСШЫ

Бүгін Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры қызметіне Ислат Мақсот Мәлімқожаұлы тағайындалды. Ұжымға жаңа басшыны округ әкімі Айбатыр Бекішұлы таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тілеп, сенім білдірді.

Мақсот Мәлімқожаұлы – түрлі салаларда жинақтаған мол тәжірибесімен, қоғамда белсенділігімен елге танылған азамат. Ол 1986 жылдың 19 сәуірінде Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін 1992 жылы қазіргі Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектептің (бұрынғы атауы — Амангелді Иманов атындағы мектеп) табалдырығынан бастап, 2003 жылы осы білім ордасын аяқтады. Жоғары білімді ол 2003–2007 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша алған.

Еңбек жолын 2005 жылы Атырау облыстық Жастар саясаты ассоциациясының ұйымдастыру бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған. Кейін Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінде, Атырау қалалық кәсіпкерлік бөлімінде, «Вита Сервис» ЖШС-де, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық филиалдарында түрлі жауапты қызметтерді атқарды. 2016 жылдан бастап Атырау қалалық мәслихаты аппаратының баспасөз хатшысы қызметін атқарып, кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Соңғы уақытта «Жанай Жағыпаров» шаруа қожалығында ұйымдастырушы ретінде еңбек етті.

Округ әкімі Айбатыр Бекішұлы жаңа басшыны таныстыру барысында:
– Мәдениет үйі – ауыл руханиятының жүрегі. Бұл мекеме — халықтың мәдени сұранысын қанағаттандырып, өнерлі жастарға жол ашатын орта. Жаңа басшы осы жауапты міндетті абыроймен атқарады деген сенімдеміз,-деп атап өтті.

Өз сөзінде Мақсот Ислат ауыл мәдениетінің өркендеуіне жаңа белестерге көтеріліп, тұрғындардың мәдени сұраныстары мен қажеттіліктері үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT