Тұщықұдық ауылында еліміздің жарық жұлдызы, белгілі эстрада әншісі Жігер Ауыпбаев ауыл тұрғындарына арнап әсерлі концерт өткізді.
Әнші орындаған сырлы да жүрекке жетер әндер көрермендерді баурап, ауылдың түнгі аспанын әуенге бөледі. Кештің басты ерекшелігі – мерекелік көңіл көтеру емес, қайырымдылықпен ұштасуы болды. Әрі халықтың назарын мәдениетке бұрумен шектелмей, ауыл атын көпке танымал ету.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат жетекшілік етті. Ол концерт барысында ауылдың мәдени тынысына тоқталып, 2022 жылы Тұщықұдық ауыл азаматтарының бастамасымен құрылған бейресми қорға қаржы жинау ісі жалғасып жатқанын тілге тиек етті.
– Бұл қор ауылдастарымыздың ауызбіршілігінің жемісі. Жиналған қаржы мәдени іс-шараларды қолдаумен қатар, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға, қайырымдылыққа да жұмсалуда. Халықтың мәдениетке, қайырымдылыққа деген ықыласы бізді алға жетелейді,-деді ол.
Әрі сол кеште арнайы қайырымдылық жәшігі қойылып, концертке келген тұрғындар ерікті түрде қаржы қосты. Жиналған қаражат ауыл азаматтарының өз қолымен құрған бюджетіне аударылып, мәдениет пен әлеуметтік игіліктерге бағытталатын болды.

Ауыл тұрғындары да кешке ризашылықтарын білдірді. Соның бірі ауыл тұрғыны Алдаберген Салихов қуанышын жасырмады.
–Жігер Ауыпбаевтай танымал әншінің ауылға келіп, өнерін тартуы – біз үшін үлкен қуаныш. Әсіресе қайырымдылық жәшігінің қойылғаны жүрекке жылы тиді. Бұл – ауыл халқының ұйымшылдығы мен жанашырлығының көрінісі,-деді ол..

Ал кешке куә болған, тұщықұдықтық Нұрсая Хасанова да игі іске үлес қосқанына риза.
– Мен алғаш рет үлкен жұлдыздың тегін концертін ауылымызда көрдім. Әндері жігер берді. Сонымен бірге қайырымдылыққа үлес қосқанымызға қуаныштымын. Өнер мен игіліктің осылай қатар жүргені жақсы екен,-деп өз әсерімен бөлісті.

Кеш соңында Жігер Ауыпбаевтың өзі де халыққа алғыс айтып, жиылған жұртшылыққа ризашылығын білдірді.
– Ауылдың бірлігі мен елдің мейірімі – нағыз байлық. Бүгінгі кешті ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің қайырымдылыққа деген ниеттеріңіз – болашаққа қалдырған үлкен мұра,-деп сөзін түйіндеп, әуезді әнімен аяқтады.
Бұл кештің ортасынан еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көзіміз шалды. Тіпті, сол түні саудасы қызған кәсіпкерлер де сол көшенің шетінен табылды.
Осылайша, Тұщықұдық төрінде өткен бұл ән кеші ауылдың мәдени тынысын кеңейтіп қана қоймай, қайырымдылық пен ел бірлігін дәріптеген тағылымды мерекеге айналды.
Сағыныш Қайыр

