ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың Исатай ауданына сапары барысында аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті.
Онда депутат ағымдағы жылдың 1-наурыз күні өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-съезіне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саясатының маңызы мен партияның негізгі жұмыс мақсаттары, Парламенттің заң шығару қызметі жайында әңгіме өрбітті.
Басқосуда мәжілісмен елімізде жыл басында орын алған қаңтар оқиғасына да қатысты пікір білдіріп, осынау сындарлы кезеңде Мемлекет басшысының барлық бастамаларына қолдау таныту – фракция мүшелерінің, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларының бірден-бір міндеті екенін тілге тиек етті.
- Жыл басында елімізде орын алған қаралы қаңтар оқиғасы әрбір қазақстандықты алаңдатқан, тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи трагедия болды. Мемлекет басшысының батыл шешімдерінің арқасында біз бұл қиындықты да еңсердік. Сол тұста Президент халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін өз ісімен көрсетті. Қасіретті қаңтардан біз сабақ алуымыз қажет, - деген депутат Нұрлыбек Ожаев фракция мүшелерін, бастауыш партия төрағаларын халықпен тығыз байланыс орнатуға, тұрғындар алдында ашықтықты қамтамасыз етуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін мәжілісменнің ауданға сапары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізуден басталғанын хабарлаған болатынбыз. Ендігі кезекте депутат Жанбай ауылының тұрғындарымен кездеседі деп күтілуде.
Әділбек СЫРЫМОВ