НӘЗІК ЖАНДЫЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК СЫЙ

Екі қолға бір кәсіп табу қиын. Ал одан да қиыны – өз кәсібіңді ашу. Бұл қиын іске қазір аяулы аналар бен ару қыздарымыз да белсенді атсалыса бастағаны белгілі. Әсіресе, ауылдық елді мекендер мен шалғай аймақтарда жұмыссыздық көп, жұмыс орны жоқ. Осындайда пайдалы кәсіп ашып, жұмыс күшін тартып, экономикаға титтей де болса өз үлесін қосқан әйел кәсіпкерлердің еңбегі айтарлықтай.

Өткен аптада кәсіпкер әйелдердің осынау еңбегін ұлықтау мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және «Іскер әйелдер» кеңесі бірлесе ұйымдастырған «Салт дәстүрім – қазынасы қазақтың» атты мерекелік шара өтті. Оған аудандағы зейнеткер кәсіпкер әйелдер Разиға Шакесова, Бақыт Лұқпанова, Роза Рзағалиева, Меңсұлу Жұмабаева, Мағрипа Бимағанбетова, Зайыпхан Наурызбаева, Нүрия Қуанышбекова,Сағира Құспанова, Гүлнұр Сұлтангереева, Қалы Сатмағамбетова қонаққа шақырылды. Шара барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұргүл Хайруллаева сөз алып,зейнеткер кәсіпкерлердің сара жолын өнеге етіп, жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

-Бүгінгі шарамыз Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп жатыр екен, Наурыз мейрамы құтты болсын! Осындай ұйымшылдықта жас кәсіпкерлермен бірлесе сіздерді қонаққа шақырып, әңгімелесіп, дидарласып бас біріктіру мақсат болды. Негізгі бағыт ең бірінші боп кәсіп бастаған аналардың басын қосу еді. Бұл бастама осымен тоқтап қалмайды, әлі алға қарай жалғасын табады, толығады деп ойлаймын,- деді ол.

Мерекелік кештің қонақтары жас кәсіпкерлер дайындаған «Қыз ұзату», «Қызға сырға салу» көріністерін тамашалады. Жастар көптің көңілінен шыға біліп, керемет қойылым қоюмен бірге қазақтың дәстүрлі әндерін шырқады. Шара соңында зейнеткерлерге құрмет көрсетіліп, аудандағы кәсіпкерлік салаға үлестерін қосқандары  үшін алғыс хаттар табысталды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521