Нарын ауылына да «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келді

Облысымызда 31 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тегін қызмет көрсететіні әлеуметтік желілерде,бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарланды.Қарапайым халық та бұл қызмет түрінен бей-жай қалмай, білікті мамандардың кеңесіне жүгінуге таңмен таласа вокзал бекетіне асықты. Күні кеше шалғайдағы Исатай ауылына келсе,бүгін құм қойнауындағы Нарын ауылына келіп жетті.
Алдымен ашылу салтанаты өткізіліп, сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан меймандардың екі күндік жұмыс сапарлары барысында оларға қажетті бар жағдайдың жасалатындығын тілге тиек етіп, қош келдіңіздер айтты. Әрі мемлекет тарапынан шалғай ауыл тұрғындарына жасалған үлкен қолдау мен мүмкіндік екендігін қаперіне берді.
Жоба шеңберінде еліміздің шалғай станцияларында тұратын тұрғындар негізгі медициналық мамандықтардың білікті мамандарынан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог,гинеколог) тегін тексеруден және емдеуден өте алады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Тұрғындар ұзын сонар кезекке тұрып, мамандардың кеңесіне жүгініп,толыққанды ақпараттар алуда.
Бұл жобаға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының бастамасымен алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, шалғай жатқан аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативті (татуластық) көмек көрсету қызметтерін де тегін ұсынуда.
Айта кетейік, медициналық пойыз 10-11 күндері Аққыстау ауылына да келіп, тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521