НАРЫН АУЫЛЫНДАҒЫ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ? ЖЕЛТОҚСАННАН БЕРІ ЖАЛАҚЫ АЛМАҒАН

«Сауыт сөндіруші» ЖШС»Таймандағы» қызметкерлеріне 2020 жылдың желтоқсан айының еңбекақысын әлі күнге бермеген. Жақында шарасыз жұмысшылар «Nur Otan» париясы аудандық филиалына мекеме басшылығының үстінен шағымданып, мәселеге бақылау жасауды өтінген еді. «Карантин кезінде ешқандай төлемақы төленген жоқ, еңбекақымыз қандай қымбаттаушылық болса да 60 мың теңгеден өспеді. Түнгі кезек, мейрам күндеріндегі кезектерге ешқандай үстемақы қосылмайды, қолымызда еңбек келісімшарты да жоқ. Қысқы-жазғы қызметкерлерге берілетін арнайы киіммен қамтамасыз етпейді. Осы арызымызды қарап, талаптарымызды ескеріп, әділ шешім шығарылуына атсалысуыңызды сұраймыз» делінген филиал төрағасының бірінші орынбасарына жолданған арызда.

Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабековпен бірге мәселенің мән-жайын білмек болып Нарын ауылдық округіне қарасты «Тайман» өндіріс алаңына бет алдық. Жұпынылау ғимарат маңынан бізді күтіп алған бір топ азаматтың алғашында өрт сөндірушілер екенін білген жоқпыз. Өйткені, олардың біреуінде ғана алабажақ фуражка бар демесеңіз, сыртынан қарап ауыл шетіне мал қарап шыққан адам деп шатасуыңыз әбден мүмкін. Мекеме басшыларының қызметкерлеріне қаншалықты көңіл бөлетінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Өзімізді таныстырып, келген мақсатымызды айттық.

– Әуелде «Өрт сөндіруші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жасадық. Одан «Сауыт сөндіруші» деген мекемеге ауыстық. Басшылық кеңсесі – Нұр Сұлтан қала-сында. Бізде еңбек келісімшарты деген атымен жоқ. Қаша жалақы алуға тиіспіз, оны да білмейміз. Басқа мекемелер еңбек заңына сай кезекті еңбек демалысына шыққандағы ақшаны үш күн ішінде төлесе, біз бір ай демалысымыз бітіп, жұмысқа шыққаннан кейін барып аламыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қызметтік киім атымен жоқ. Оны айтамыз-ау, былтырғы желтоқсан айынан бері жалақы алған жоқпыз, - дейді өзін қарауыл бастығымын деп таныстырған Мұрат Ержанов деген ағамыз.

ОФИСІМІЗ – OPEL Бес жыл бойы жалақылары өспеген өрт сөндірушілер облыстағы еңбек инспекциясына да барып, құқықтарын талап етіп көрген. Дәл осындай 6 бөлімше бірігіп берілген арыз-шағымның да соңы сиырқұйымшақтанып, ақыры қызметкерлердің талабы жауапсыз қалыпты. «Сонда басшыларыңыздың айтар уәжі қандай?» деген сауалымызға: «Біз ол кісіні танымақ түгілі түрін де көрмеппіз» деген жауап алдық. – Әйтеуір, директорлар ауысып жатыр деген хабарды жиі еститініміз болмаса, бейтаныс басшыларымыздың қайсысы келіп, қайсысы кетіп жатқанын Құдай білсін» дейді жарыса сөйлеген жұмысшылар. – Атырау қаласында бір өкіл бар. Оның да қолында ештеңе жоқ. Арнайы кеңсесінің де бар-жоғын білмейміз. Жігіттер жағдайын айта барса жүздесіп, сұхбаттасатын жер - әлгі азаматтың көлігі. Қысқасы офисіміз – OPEL, - дейді күйіктен күлкі қысқан жігіттер.

Мекемеде барлығы 17 қызметкер жұмыс жасайды. Ал, пандемияға байланысты 4 адамнан басқасын жұмысқа қоспаған басшылық, оларға тиісті жалақының жетпіс пайызын да төлемей келген. Жұмыстағыларының өзі айлықтарын ала алмай отыр. Сұраса күнде ертеңмен жұмысшылардың жүйкесін жұқартып келеді.

15 МЫҢ ТЕҢГЕМЕН АЛДАПТЫ

Арыз түскеннен кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мамандары мекеме басшылығына хабарласып, жұмысшыларының шағымын жеткізіпті. Кейін «Сауыт сөндіруші» ЖШС: «Қызметкерлердің айлығын бердік» деп хабарлаған. Ал біз тілдескен жұмысшылар: «Бар-жоғы 15 мың теңге жіберді. Ол да бірімізге түсіп, бірімізге түскен жоқ» дейді. Тағы бір естігеніміз, ақпан айының аяғында нысандағы жұмыс тоқтайды-мыс. Солай болған күнде жұмысшылар қалған екі-үш айдың жалақысын ала алмай қаламыз ба деп уайымдап отыр. Төрт жұмысшыдан басқа қызметкерлер жұмыста бар-жоқ екендерін біле алмай дал. «Жұмыстың тізімінде болғанымыз не керек, ешқандай ақша төленбеген соң. Басқа жерден жұмыс іздейін десек, қызметтен босадың деп жатқан да ешкім жоқ» дейді әрі-сәрі күйге түскен өрт сөндірушілер.

- Сіздермен бетпе-бет кездесіп, жағдаймен танысу үшін арнайы келіп тұрмыз. Бұл мәселелер заңдық тұрғыда реттелуі тиіс. Ол үшін тиісті мекемелер мен құзырлы органдарға жазбаша түрде хабарласып, партиялық бақылау жасап, түйткілдің түйінін шешуге тырысамыз, - деді аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков.

Партия филиалы мәселеге қатысты мекеме басшылығына хат арқылы хабарласып, жауап ала алмапты. Енді олармен облыстық еңбек инспекциясы айналысатын болады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT