Ұлт рухының ұйытқысы, елдіктің жаршысы болған айтыс — халқымыздың баға жетпес мұрасы. Сол рухани қазынамыз көптен бері сахна төрінде көрінбей, исатайлық көрермен де сәті түскен дүбірлі додаға шөліркей қарап жүрген еді. Осы үміт ақталып, Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінің сахнасында «Ерлері ерен, тарихы терең – Нарыным» атты облыстық ақындар айтысы дүркіреп өтті.
Айтыс — елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ақиқат пен әзілді жарастыра өрген сөз сайысы. Бұл жолы додаға облыстың түкпір-түкпірінен келген 12 жүйрік ақын қатысып, көрерменге рухани кеш сыйлады. Айтулы додаға Индер ауданынан Жәнібек Садыров, Баймұрат Кеңес, Мирамғали Алғалиев пен Иса Нұрасыл сынды сөз шеберлері қатысса, Қызылқоға ауданынан келген Бимырза Әбілқайыр, Батыржан Қәдірбай және Салауат Кәрімұлы аудан намысын абыроймен қорғады.
Махамбет ауданынан Ерасыл Мұхитов пен Мақат ауданынан келген Нұрбек Сарбасов та додада дараланып, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал өз жерінде өнер көрсеткен исатайлық ақындар — Амангелді Панабердиев, Серікбол Панабердиев пен Өнербек Дәулекенов туған жердің туын биік ұстап, шынайы қошеметке ие болды.
Жыр додасы барысында елдік пен ерлікті, тарих пен тағдырды жырға қосқан ақындар исатайлық көрерменге нағыз рухты кеш сыйлады.
Қалам мен қазылықты қатар ұстаған әділ қазылар алқасы кіл жүйріктің арасынан оза шапқандарды анықтап, жүлделі орындарды саралады. Сөз додасының қорытындысы бойынша ынталандыру сыйлығы мен алғыс хат 100 000 теңгелік қаржылай марапат Ерасыл Мұхитов, Өнербек Дәулекенов, Мирамғали Алғалиев пен Жәнібек Садыровқа табысталды.
«Арнайы жүлде» иегерлері Иса Нұрасыл мен Нұрбек Сарбасов 125 000 теңгелік сыйлықпен марапатталды. ІІІ орын мен 200 000 теңгелік жүлде Салауат Кәрімұлы мен Амангелді Панабердиевке бұйырса, ІІ орын иегерлері — Баймұрат Кеңес пен Бимырза Әбілқайыр 300 000 теңгелік сыйлықты еншіледі. І орын және 400 000 теңге қаржылай жүлде исатайлық Серікбол Панабердиевке табыс етілді.
Ал Бас жүлде — 500 000 теңгелік марапат Қызылқоға ауданынан келген жас ақын Батыржан Қәдірбайға лайық деп танылды.
Рух пен тарих үндескен бұл айтыс исатайлықтар үшін тек өнер мерекесі емес, елдіктің елжіреген сәті болды. Ұлттық өнердің қайта жаңғыруы — ұлт санасының биіктеуіне, жас таланттардың жаңа леппен жарқырауына жол ашты.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ