«Нарын таңы» газеті 70 жылдық тойын салтанатты жағдайда атап өтті

Сәрсенбі күні жалпақ жатқан Нарынды ғана емес, күллі Атырауды елең еткізгендей болып ерекші бір салтанатты шара өтті.

Бұл батыр баба атын алған Исатай ауданының орталығындағы жұртшылықты жинаған жылы лепті жиындар жиі өтіп тұратын «Жалын» мәдениет үйінде өткен аталған ауданның қоғамдық-саяси басылымы «Нарын таңы» газетінің алғашқы саны жарық көргеніне 70 жыл толған салтанатты шара болатын. Ал ол біздің ойымызды айшықтай түскендей – «Нарын құмының бойтұмары» аталды.

Бұған дейін де «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудан әкімшілігінің бірлескен тұрғыдағы жергілікті жерлерде оқырмандармен кездесу, түрлі спорттық ойындар бәсекесі, жастармен тақырыптық жүздесулер, кітапхана мен музейде де ұйымдастырылған басқосулар тақырыбына айналған төл басылымның 70 жылдық торқалы тойына арналған бұл салтанат оның салмақты бір қорытындысындай еді. Еңселі мәдениет үйінің алдындағы ашық алаңға тігілген қос киіз үйдегі көрмелер келушілерді газет тарихынан, сондай-ақ, аудандық тарихи музей жәдігерлерінен сыр шерте қарсы алуы, қонақтарға қазақи қонақжай дәстүрмен бауырсақ пен ақ ұсынылуы да ыстық ықыласты танытқандай-ды. Ал бұл ата жасындағы басылымның тұтас тарихынан деректер сахналық қойылым мен бейнебаян арқылы бастау алған шарадан анық аңғарылды.

Иә, шағын ғана сахналық қойылым арқылы жоталы жетпіс жылдық жолды жүріп өткен басылым тарихының бастауында тұрған «Малшылар үні» газетінің №1 саны шыққан сәтті шебер бейнелеп берген Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйі жанындағы Аққыстау халық театрының өнерпаздарына жиналғандар дуылдата шапалақ ұрды. Бұдан кейінгі бейнебаян арқылы да біраз жайттан хабардар бола түскен жұртшылықты облысқа белгілі қос жүргізуші Нұржан Өмірбаев пен Ұлан Меңдіғазиевтің жарқын-жарқын үндері және елеңдетіп, елітіп әкетті десе болғандай.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова облыс әкімі Серік Шапкеновтің құттықтауын жеткізіп, 1977-1988 жылдардағы газет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісінің иегері, мемлекеттік қызметтің ардагері Мәди Өтеғалиевқа облыс әкімінің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті.

Мазмұнды шараның мәртебесін асырып, мерейді үстеген марапаттаулар бұдан әрі аудан әкімі Полымбет Хасановтың, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Қайырденов пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрым Мусиннің, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің Бас директоры Жасын Біркеновтың мерекелік лебіздеріне ілесе жалғасын тапты. Сөйтіп басылымның бұрынғы-соңғы қызметкерлері мен қоғамдық тілшілерінің бір тобы аудан әкімінің, облыстық мәслихаттың, аудандық мәслихат пен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің Алғыс хаттарын иеленді.

Осы күні газет қызметкері, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жоламан Дәулетиярдың құрастыруымен «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жарық көрген «Тасқа басылған тарих» жинағының тұсаукесер рәсімі де салтанатты жағдайда өтіп, ауыл, аудан, облыс өнерпаздары ән мен күйді әуелетіп, әдемі бимен де тыңдарманын тәнті етті.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521