«Нарын таңына» жазылатын болсаңыз, еншіңізде екі күн қалды

«Балапанды күзде санайды» демекші, жылдың екінші жартысына жазылу да мәреге таяды. Оның қорытындысы жария болар күн де алыс емес.

Десек те, алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда көрсеткіш көңіл көншітіңкіремей тұрған жайы бар.

Жалпы, жазылу жүре бастағалы бері ауылдастардың рухани азықтарынан құралақан қалмауы үшін талай тірлік жасалды. Аудандық почта байланыс мекемесіндегілер әрбір хат тасушыға басылымға жазыламын деушілердің сол жерден жазылуына мүмкіндік жасауды міндеттеп қойды. Ауылдық округтер әкімшіліктері тарапынан жазылуды ұмыт қалдырмау жөнінде әрбір тұрғынға ескертпелер жазылып, почтамен бірге жеткізілді. Аудандық газеттің әр санында басылымдарға жазылу, соның ішінде аудан айнасына жазылу аудандық почта мекемесі мен оның жергілікті бөлімшелерінде жүзеге асып жатқандығы хабарланып отырды. Бұдан бөлек, аудандағы кәсіпорын, мекемелер мен басқа да үлкенді-кішілі ұжымдарға, ұйымдарға хабарласылып, адамдардың аудан айнасынан қол үзіп қалмауына жанашыр, ұйытқы болу сұралды. Мұның бәрі, сөз басында айтылғандай, ауылдастардың рухани азықтан қол үзіп қалмауын ойлағандық еді.

Әрине, әр отбасына күнделікті жаңалық-хабарларды, сан-салалы өзгерістерді, басқа да керекті жайттарды алып жететін басылымдардың барып тұрғаны кім үшін де қуаныш емес пе?. Бұл ретте газетті сырласың да, ақылшың да, хабаршың да десек болар еді.

Әлгінде алдын ала мәліметтер дедік қой, ауданның ауылдық округтері бойынша алғандағы оның жайы әзірге мынадай: Аққыстау -300, Қамысқала - 155, Тұщықұдық - 216, Жанбай - 75, Нарын - 17, Исатай - 63 және Зинеден - 82 . Жалпы жылға жазылғандарын қосқанда барлығы 1242 дана болып тұр екен. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралай беріңіз.

Ескерте кетер бір жайт, жазылу барлық басылымдар үшін аяқталғанымен, пошта бөлімшесіндегі мамандар аудан айнасына осы бейсенбі, жұма күндері, сенбі күні түске дейін жазылып қалуға мүмкіндік барын айтып қалды. Ескергенге екі күн де аз уақыт емес, ендеше, жазылуға асығыңыз, ауылдас?!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521