«Нарын таңының» төрт мыңыншы нөмірі жарық көреді

Кәрі Каспий мен құм Нарынның арасын құтты қоныс еткен Исатай ауданының тарихын құраған жылдар жылнамасының алғашқы парақтары кәрі тарихтың еншісіне айналғалы қашан...

Әу баста Новобогат атауын иеленген, алғашқы әзірде ауыл шаруашылығымен аты шықса, кейіннен өндірісімен де өрнек жайған осынау ауданның өткені - өз алдына бөлек бір шежіре. Өңір өміріндегі сын сәттерде де, шуақты кезеңдерде де онымен бірге жасасып, шежіресін жазысып келе жатқан «Нарын таңы» газетінің де өткені онымен бірге. Ауданның айнасына айналған басылым өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігін алыс-жақынға жеткізді, жетістігіне жаршы, кемшілігіне қамшы болды. Ол сонысы үшін де жерлестеріне жақын тұрды, оқырманының ыстық ықыласын иеленді, әр шаңырақтың төрінен табылды. Газет редакциясына әр жылдары басшылық еткендер, ұжым құрамында терін төккендер, тілші-автор ретінде араласып кеткендер сол үшін қажымай-талмай қызмет қылды.

Өмірдерегін осылайша түзген «Нарын таңының» алдағы бейсенбіде төрт мыңыншы саны жарық көрмекші. Бұл да басылым үшін берекелі белес, мерейлі мезет санағандықтан, оның жылнамасын жасасқандардың баршасына, жанашыры һәм жебеушісі де болған қалың оқырманына арнайы алғыс сезімімізді білдірер бір сәт осы деп білдік.

Бұрын да сіздермен бірге болған, бүгін де өздеріңізге жеткенше асық, ертең де төрлеріңізден табылар төл басылымдарыңызбен бірге бола беріңіздер, жерлестер!!!

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521