Нарын жастары өнерімен тәнті етті

 

Нарын ауылдық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Өнерім саған, туған ел!» атты концерттік бағдарлама ауыл тұрғындарына ерекше рух пен әсер сыйлады. Шараның басты мақсаты – ауыл өнерпаздарының өнерін насихаттап, шығармашылыққа бейім жас буынның талабын ұштау болды.

Алақандай ғана ауыл болса да, рухы биік, өнерлі халқы бар Нарын елінің жастары сахнада өнердің сан қырын паш етті. Әсіресе балалардың әні мен биі кештің көркін кіргізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

 

Концерттің шымылдығы ауыл әкімі Асқар  Әбуовтің құттықтау сөзімен ашылды.

Алғашқы болып сахнаға көтерілген Зарипа Уткелбаева жетекшілік ететін «Асыл әжелер» ансамблі «Жолыққан қандай жақсы» әнімен көрерменді өткен күндердің әуеніне бөледі. 

 

 

Кеш барысында, Нұрайым Тұрғанбай  Фариза Оңғарсынованың «Нарын» атты поэзиясын жүрекпен жеткізсе, Биғайша Құсайынқызы  мен Ерсұлтан Ерболдың «Ауылға барам» әніндегі дуэті көрерменді туған жерге деген сағынышқа бөледі. Бұл туындыда Ерсұлтан баян аспабында ойнаса, кейін гитарамен «Қиялдағы ару» әнін орындап, өзінің бірнеше аспапты меңгерген өнерлі жас екенін көрсетті.

 

 

Гүлназ Жұмабайдың «Құрбылар» биі сахнаның көркін келтірді. Қимылының нақтылығы, би пластикасы және сахналық тартымдылығы көрерменді тәнті етсе, Рамазан Несіпбай «Таң сыры» әнін ерекше сезіммен шырқап, тыңдарман жүрегін тербеді. Оның сахнадағы қылықты қимылы мен табиғи харизмасы өнеріне көрік қосып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

 

Арсен Макар  «Сәйгүлік» әнін гитарамен сүйемелдей отырып орындап, өз өнерімен көрерменге ерекше әсер қалдырды. 

 

 

Кеште көрерменмен интерактивті байланыс орнату мақсатында «Халықпен байланыс» атты ойын ұйымдастырылып, көрермендерге сурет арқылы жасырылған өлең жолдарын табу тапсырылды. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Концерт соңында ауыл өнерпаздарына қолдау білдіру мақсатында сөз алған Исатай ауданының әкімі Нұрым  Мусин барша қатысушыларға ризашылығын білдіріп, арнайы марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Зарипа Уткелбаева, Құралай Сахипова, Арсен Макар  аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT