Нарында биыл көше шамдары орнатылады

Аудан әкімі Полымбет Хасанов Нарын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Атқарылған жұмыстардың ішінде Нарын ауылындағы тозығы жеткен шағын футбол алаңы да бар. Өткен жылы алаң қайта жаңғыртылып, жарықшамдар орнатылып, жаңадан жасанды жабын (газон) төселіп, қолданысқа берілді.

 

Сондай-ақ аудан әкімі кездесуде аудан бойынша ауылішілік жолдардың жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етті. Оған басты себеп ретінде ауданның бірнеше рет тарап, қайта құрылуын алға тартты. Расында, бір кездері басқа аудандарда жол сапасы нашар болғанымен, ауылішілік жолдардың табаны болды. Ал, бізде әр ауылда басты-басты төрт-бес көшеде ғана жол болатын. Қазір жүргізіліп жатқан ауылішілік жол құрылыстарының көбі жаңадан салынып жатыр. Жаңадан жол салу мен жолды жөндеуден өткізуге жұмсалатын қаржы көлемі жер мен көктей, жұмысты атқару уақыттары да әртүрлі болады. Қыруар қаржыны бюджеттен бөлдіртіп алу да, оңай шаруа емес. Оның үстіне қандай мердігер тап болатыны да бөлек әңгіме.

-Ауданда барлық ауылдарда жол құрылысы басталды. Жақсы мердігер мекеме тап болып, Нарын ауылындағы 12,1 шақырым ауылішілік жол құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқталды. Әлі де болса, үш-төрт көшеміз бар, темір жолдың арғы бетіндегілер вокзалға тіке шығатын жол сұрап отыр. Оны да жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз. Негізінен, Нарын ауылы 92 пайыз ішкі жолмен қамтылып тұр. Бұл аудан бойынша басқа ауылдық округтерге қарағанда жоғары көрсеткіш,-деді аудан әкімі.

Кездесуде білгеніміздей, аудан бойынша 2023 жылы қаржы бөлініп басталатын жұмыстардың ішінде Нарында 7,2 шақырым болатын ауыз су желісін жүргізу жобасы да бар. Нарын мен Жаңа Жанбайға көше жарықшамдарын орнатуға жобалау сметалық құжаттама жасалып, бюджеттік өтініп берілген, биылға алғашқы қаржысы бөлініп, қазіргі таңда мемлекетік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Нарын ауылына кірмежолдың кіреберісіне бекітілген эскиздік жоба бойынша ауылдың аты жазылған белгі (арка) орнатылмақ және ауыл ішіне спорт алаңы мен балалар ойын алаңын салуға тиісті қаржы қаралған.

Сондай-ақ аудан әкімі жлбаларды жүзеге асыру барысында кездесетін қиындықтарға да тоқталды.  

-Жергілікті атқарушы органдардар тұрғындардың ұсыныс-тілектері негізінде жасалған жобалардың құжаттарын жасақтап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, қаржысын бөлдіріп, тендер өткізіп береді. Қалған жұмысты жеңімпаз мердігер атқарады. Өкінішке орай, көп жағдайда мердігерлер жұмысты тиісті деңгейде атқармай жатады. Ондай жағдайда, келісімшарт бойынша біздің қолымыздан келетіні сотқа талап-арыз беру. Ары қарай шешімді сот шығарады, кей жағдайда біздің талап-арызымыз қанағаттандырылмауы да мүмкін. Сот та тиісті заңдарға сүйеніп шешім шығарады.

Мердігер жұмысын дұрыс атқармаса, біздерге сөз келеді, жұмыс нәтижесін тұрғындар бізден сұрайды, сотқа берсек те, жаманатты боламыз. Себебі, соттасып жүргенде жұмыс уақыты созылып кетеді. Әрине қызметіміз сол болғасын барлық сынды көтереміз, қабылдаймыз. Қазір тендер өткізгенде «жақсы мердігер тап болса екен» деп тілеп отыратын болдық,-деді ол.

Алайда, аудан әкімінің айтуынша, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жақсы мердігерлер де бар. Мысалы, Нарын, Жанбай, Исатай, Зинеден ауылдарының шағын футбол алаңдарын жөндеу жүргізгенде Зинеден ауылынан басқасына жақсы мердігерлер тап болған және Тұщықұдықтағы дәрігерлік амбулаторияны жасаған мекеме де жұмыстарын сапалы аяқтаған. Биылғы жоспарлардың да мерзімінде әрі сапалы аяқталуы мердігерлерге байланысты болмақ.  

Сондай-ақ ауылдық округ әкіміне ауылдың тазалық жұмыстарына пайдаланып жүрген арнайы техниканың тозығы жетуіне байланысты бюджеттік өтінім беруді тапсырды, тиісті шараларын жасап, қаржы сұратып, тіркемесімен жаңа трактор алып беруге жұмыстанатынын жеткізді.

Кездесуде тұрғындар да толғандырған сауалдарын жолдап, өзекті мәселелерді көтеріді. Соны бірі – ауылдағы интернет желісінің нашарлығы. Әсіресе, egov.kz порталы арқылы онлайн қызмет алу кезінде қиындық тудыратын көрінеді. Кейбір құжаттар үшін тұрғындар аудан орталығына баруға мәжбүр.

Ауыл әкімі Асқар Абуов аталған мәселе бойынша «Транстелеком» мекемесіне хат жолдағанын, олар талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту үшін ауылдық округке келіп, зерделеу жүргізетіндерін, тиімділігі дәлелденсе ғана тиісті жұмыстар атқарылатыны жөнінде жауап берген. Айтуларынша, көпқатарлы үйлерге интернет желісін тарту қиындық тудырмайтын көрінеді, мәселе жеке тұрғын үйлерге интернет желісін жүргізуде екен. Қаржысы да тұрғындардың өз қалталарынан төленетін көрінеді. 

Ауыл тұрғыны Жұмабай Нұржанов: -Бізде ауылда малдың етін тасымалдауға анықтама беретін кісі жоқ, қаладағы балаларымызға ет беріп жіберейік десек, мал арнайы мал сою пунктінде сойылған болуы керек, бізде мал сою пункті де жоқ. Сонда етті қалай тасымалдаймыз?-деді.

Сауалға жауап берген аудан әкімі Полымбет Хасанов: - Ф 1 деген анықтама малды тірілей тасымалдауға беріледі. Ф2 деген анықтама сойылған малдың етін тасымалдауға беріледі. Ет тасымалданатын болса, мал арнайы мал сою орындарында сойылуы керек. Мен бұл мәселе жөнінде аудандық полиция бөлімінің (АПБ) бастығымен  сөйлескенде Ф1 анықтамасымен малдың ұрланбағаны жөнінде видео, сурет дәлелдерімен тасымалдау жөнінде ұсынысымды жеткіздім,-деді.

Аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметовтың айтуынша, Ф2 анықтамасы сойылған мал көпшілік тұтынатын орындар – ресторан-мейрамханаларға, базарға сатуға жіберілетін болса санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін беріледі. Өз малыңды үйде сойып жегенге анықтама талап етілмейді.

Ал, Жанбай полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Дәурен Сейдахметов: -Сойылған малдың еті тасымалданатын болса, Ф1 анықтамасын алып, малды криминалды полиция мен ветеринар маманға көрсетіп, Ф1 анықтамасына малдың тексерілгені жөнінде мөр соқтыру қажет. Сонда ғана тасымалдау кезінде полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай қиындық болмайды,-деп толықтырды.

Сондай-ақ жиында жаңа балабақша салу жөнінде де мәселе көтерілді. Аудан әкімінің айтуынша, кезінде Нарынға 80 орындық балабақша салу үшін жоба жасақталған, бірақ соңғы жылдары аудандық білім бөлімі облыстық білім беру басқармасына қарауына байланысты аудандағы білім беру мекемелеріне қатысты барлық жобалар облыстық құрылыс, білім беру басқармалары арқылы жүзеге асатын көрінеді. Қазіргі таңда аудандағы білім беру мекемелеріне қатысты құрылыс нысандарының жобалары тиісті басқармаларға жіберілген.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521