Нарын ауылындағы Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Сұлтан Нұрланұлы «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы» атты білім байқауынан жүлдегер атанды.
Балалар мен жастар арасында «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен былтырғы қыркүйек айында өткен байқауға Сұлтан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, өзінің ғылыми жұмысын ұсынған болатын.
Республиканың әр өңірінен мыңдаған дарынды оқушы бақ сынаған байқау 5 айға созылып, нәтижесінде жерлесіміз жүлделі ІІ орынды иеленіп, абыройымызды асырды. Сондай-ақ ол ұйымдастырушылар тарапынан ІІ дәрежелі дипломмен және «Үздік ғылыми жоба авторы» атты төсбелгімен марапатталып, естелікке ішіне өзі де енген «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы» атты кітапшаға ие болды. Сонымен қатар Сұлтанды бұл байқауға дайындаған ғылыми жетекшісі Бөбек Ғалымжанқызы да арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты арнайы ІІ дәрежелі диплом, «Үздік ғылыми жоба авторы» төсбелгісі және «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы» атты материалдар жинағы Нұрсұлтан қаласынан арнайы пошта арқылы жіберілді. Ауданмен қоса білім ордасының мерейін асырған Сұлтанға бұл марапатты мектеп директоры Асқар Абуов табыстады.
Әділбек СЫРЫМОВ