Нарыннан су қашса елден ырыс кетеді

Нарынның наркескен ақыны, зұлмат заманның құрбаны, теңдік пен бостандықты аңсаған Нарынның тумасы Насихат Сүгірұлы, оны «халық жауы» деп жала жауып, істі болып, сотталып, айдауда жүргенде туған жерін сағынып, елін, қос өзен Еділ-Жайық арасын былай жырлаған:

Еділ-Жайық екі су

Екі арасы қамыс көл.

Астрахан мен Оралдың

Екі арасы шойын жол.

Төменгі жағы Гурьев,

Байқаған кісіге алыс жол... деп тебірене Нарынды шеңберлей жырласа, Нарынның екі жағын жанай ағып жатқан Еділ мен Жайықтың арасы толған өзен мен көл деп, жерінің суы мол екенін толғайды. Өткен ғасырдың 50-жылдарының ішінде Нарын құмы құйқалы да шырайлы жер еді ғой. Осы құмда, екі өзен аралығы жағалай көмкеріле, ішкі бетіне ене 50 шақты колхоздың мал шаруашылығы өркендеп, төрт түлік мал төскейде еркін жайылып, құдық шағылдар бір-біріне жанай жалғасып, қоныстанған халықтың тығыздығы өз алдына, 30-35 үй бір колхоз болып шектес отыратын. Сол жылдары Нарын құмының құдық суы өте тайыз болушы еді. Әрбір шағыл төбені «құдық шағыл» деп атайтын. Құдық шағылдардың құбыла беті жайдақ, бірден-бірге аласарып, құдық қазатын ойпат болатын. Ал, арқа беті тіктеу қарабыдыр, тіке жарлардың таусылысы жар етекке қаудан қияқ өсетін де, жалғасқан жазықтыққа изен, қырықбуын, сарбас, шалфей, шағыр, қоңырлы жерлерде бидайық, жусанның бірнеше түрі, майысқан, ебелек шөппен жауыннан кейін шығатын сіңбірік, басқа да шөптер теңіз толқынындай шайқалып тұрғанын көзіміз көрді. Құдық шағылдың оңтүстік құбыла беті аласарып, суырма жел су шығатын тебіндіктің бос топырағын суырып, иіріп, тебіндіктің (құдық қазатын жер) ызасына дейін үрлеп, қарсы беттерін биік шағыл төбелер құрайтын. Жел қай жақтан үрлеп соқса да, төбелер өз биіктігін сақтап, ешқашан жоғалтпай, өз көлемі мен биіктігін сақтаушы еді. Жел үрлеген ызасы шығып жатқан жерден күрекпен шұқып қазып, алақанға салып, қысып, сығып, қолына жұққан ылғал топыраққа үлкендер тілін тигізіп, дәмін татып, «суы тұщы, ызасы мол екен, су көзі таусылмайтын жер болса керек, осы жерден құдық қазыңдар» деп жататын. Қарттардың көрсеткен жерінен құдықтың тереңдігі 4 күрек бойы аса су шығады. 80-100 см-ден аспайтын ондай тайыздан шығатын құдық ашық тұратын да, оны «ақшелек құдық" деп атайтын. Егер тереңдеу жерден құдықты әдейі қазып, жағдайы жеткендер қарағай тақтаймен шегендеп, ал былайғы адамдар құдықты тал, жыңғыл, тізгіндермен бекітіп алып, аузын бүрмелеп шығарып, қақпақтап жауып ұстайтын. Сол құдықтардың аумағы үлкендігі 3-4 метрдей болады, мол су жиналып, қанша мал су ішсе де таусылмай, қыста жылы, жазда салқын болып, малдардың мейірі қанып су ішетін. "Ақшелек құдық" (шегенделмеген ашық құдық) жазда суы жылып, малдың шөлі қанбай құдықтан шықпайды да, қыста беті қатып, мұз болып, мұздай су ішкен малдар тоңып, қалтырап тұрғанын талай көргенбіз. Үлкен кісілер «малды ашық құдықтан суық сумен суармаңдар, малдардың ішкі шарбы майы ыдырайды, арықтайды, аналық малдар төл тастайды» деп өмірден алған тәжірибелерін айтып отырушы еді.

Жер астында қандайма табиғи құбылыстар өзара байланыста болатын-дығы, соның ішінде жерасты сулары, жерасты өзендері мен көлдері, жер асты кендері бір-біріне жалғасып жататыны және жер бетіндегі өзендер тартылса, су деңгейінің көзі де тереңдеп, тұщы сулар азайып, ашитындығы дәлелденген. 2008 жылы «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасының құрылғанына – 35, қос өзен аралығынан мұнай өндіріле бастағанына 40 жыл толуына орай «Қос өзен мұнайшылары» атты кітапты жазғанымда, елімізге белгілі атақты геолог, сол кездегі Прикаспий барлау-бұрғылау кәсіпорнының бас геологы болған Ғылым Академиясының толық мүшесі Рахметов Мақашқа барып жолыққанымда, ол кісі:

- Теңіздің тасу, қайту құбылыстары болатыны белгілі. Желдің бағытына байланысты теңіз деңгейі көтеріліп, теңізбен байланысы болғаннан кейін, мұнай көбеюі заңды құбылыс. Жалпы, жерасты сулары да, ондағы кен көздері де, бір-бірімен байланысып жатады. Сонау Орал, Мұғалжар тауларынан бастап, мына Каспий теңізінің асты түгелдей байланысты. Өзіміздің Қиғаш, БҚО-ғы Сарыөзен, Қараөзен, Жайық өзендеріне судың келу мөлшері азайып кетуіне байланысты өңіріміздің табиғи жерасты тұщы сулары азайып, су жер бетінен тереңдеп, шөп тамырларына жетпей, құдықтардың тереңдеп кетуі өңірімізге қуаңшылық әкелуі осылардың әсері болса керек, - деген болатын.

Кеңес дәуіріндегі "Новобогат" сов-хозын бірнеше жыл басқарған Есқали Есенғалиев деген азамат осы аудан көлеміндегі Жайық бойында түрлі басқару жұмыстарында жұмыс жасады. Сол кісінің қазіргі Нарынның адам аярлық келбетін әңгімелегені есімде. Есекеңнің әңгімесінен есте қалған жөн- жорасын келтірсек, біраз түйткілдердің беттері ашылатын сияқты.

- Екі өзен ортасында іргелеріне кемерлене жетіп жатқан Нарынға 11 өзекше мен өзендер жетіп, кеулеп, астын суға толтырады. Шығыс бетіндегі Жалтыр көлі кемерінен асып, су тасыған кезде батыс беті Көктөбе арқылы "Көшерқараға", құмға жетсе, қазіргі Жанбай тұсынан Каспийдің тұщы суы белдерді айнала өтіп, бүгінгі Нарын бекеті тұсынан жайылмаға мол сулар шыққан. "Сазанқұрақ" өндірісі орналасқан жерге де су тасқыны жетіп, Исатай батырдың әкесі Тайман моласының маңына құйса, бұрынғы Аманкелді колхозының жеріндегі Көкарна жырасы арқылы 12 теміржол бекеті маңынан да теңіздің жағалаудағы тұщы суы құмға сіңіп отырған.

Теңіз ауданының көлеміндегі құмдауыт жерлер арқылы Еділ өзенінің сағаларымен тасыған су да құмды шайып келіп, теңізге құйылса, ал теңіз тасыған кезде қазіргі Ганюшкино стансасының маңына орай тасу үрдісі Нарын құмына да жетіп отырған. Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданындағы бастамасын Сарытаудан алатын Қараөзен, Сарыөзен, Нарынның Жаңақазан, енді бірі Мәстексай ауылы Қазарма-бақай арқылы Нарын іргесіндегі Қамыс-самарға құйып, құм өңіріндегі Жиделі жеріне дейін жеткен. Қазіргі Жаңақала ауданының Жаңақала селосының тұсындағы айдын көлге де құйған. Жайықтан бөлінген өзендер бұрынғы Жаңаталап совхозының жеріне келіп, Нарын құмына құйған.

Нарынның солтүстік шығыс бетіндегі Жайықты жанай, жарыса аққан Бағырлай өзені де Дендер ауданы, Елтай тұсынан Қостанға жетіп, Нарын өңіріне сіңіп отырған. Жайық тасыған кезде Махамбет селосының батыс бетіндегі құм жағасындағы Сыралы жеріне Ақсай арқылы су құм кемеріне де жеткен. Жайық суының мол кезінде сулар далаға жайылып кетпеу үшін, кейбір арналар бітеліп, балық қорғау мақсатында ма, Жайықтан шығатын сулар бекітіліп, арнайы қазылған каналдар арнасына бұру үшін бе, әйтеуір табиғи судың жүйелі ағысы тоғандалды. Ең кешірілмес жағдайды айтатын болсақ, табиғат тепе-теңдігін бұзуға Новобогаттың батыс бетінен арқа жонына дейін Жалтыр көлінің сайы жетіп, батыс беті Аққыстау селосының солтүстік батысына дейін Шыныбек, Қаратүбек өзекшелері арқылы қазіргі белгі тұрған Тасгранға жетіп, Манғол сай арқылы теңізге жалғасып жатқан. Жалтыр көліне құятын Жайықтан бөлініп келген өзенді, Жалтыр көлінің қақ ортасынан биіктігі 9-10 метр топырақ үйдіріп, ортасынан канал қаздырып, Жалтырға бір тамшы су бермей, Нарын каналы арқылы әрі қарай Қаратүбек өзекшесіне қосқан еді. Ал теңізбен жалғасып жатқан Есіркеп, Ауқайраң құяр жері бекітіліп, каналды Жанбай елді мекені арқылы Манаш тұсына, қазіргі Забурын елді мекеніне қарай бұрғызды.

Хандық құрып көшіп келген Бөкей сұлтан Жалтыр жағалауын ұнатып, нулы жері, майысқан тал-терегі ұйысқан, шөбі құнарлы, жайылысы мол жерін, көлінде тайдай тулаған балығына ел риздығы деп қызығып тоқтаған ғой. Нұралы ханның әйелі, Бөкейдің шешесі қайтыс болған соң, Бөкей ордасын Кішіарал Астраханға шектес жерге көшірген. Мүмкін бұнысы хандық құруға берген Нарын өңірін барынша кеңейтіп, ұстау үшін Астрахан билеушілері Нарынға қарай сұғына қоныстанбау үшін жасалған сол кездің саясаты да болса керек. Бүгінгі күндері Нарын өлкесі күннен күнге құлазып, қаңырап елсіз жатқан өңірін көргенде жаның ашып, «айналайын туған өлкем, сенің де бағың ашылар күн туар, қойнауың жан мен малға толып, масаттанып жатар күнің де келер» дегің келеді.

Жайықтың суы тартылып тайыздалып төмен түсіп, Бағырлай, Сарыөзен, Қараөзендер, басқа да Жайықтан бөлінген өзендер Нарынға жетпей жолда суалып, кеуіп те жатыр. Табиғи жерасты суы тереңдеп, бұрынғы Нарын емес, нулы шөбі норланған изен, шағыр, жусанды алқаптар жойылып, сұлбасы майысқан қияғы малға азық, сұлысы адамға азық, қаудамдап түгілі түп-түп болып өсетін қияқты да кездестіріп жарымайсың. Талай ашаршылықта Нарын құмы халықты қияқтың сұлбасымен, құмаршығымен асырап, аман алып қалған. Құдық шағылды жағалай көмкеріліп шығатын құмаршықтың шықпағаны қашан? Халқына отын, малына ықтасын болған жыңғыл мен тізгін де норланған. Нарынды кесіп өткен саяхатшылар, қонысқа баға берген қарттарымыз «Нарын жер жәннаты екен, шөп басын шортан шалатындай, шөбің құйқалы тебінсең су шығатын жер, суың тайыз, ырыс, бағың өзінде екен» деген бағасынан айырылып, бұл күнде Нарын жетімсіреген күй кешуде. Қазір Нарын құмында судың көзі жылдан-жылға қашып, құдықтың тереңдігі 4-5 метрге астам шықса да, жылдан-жылға суы алғау тартып ашып, адам ішу түгілі, мал суаруға да келмей барады.

1990 жылдың күз айын ала Махамбет ауданынан бұрынғы Новобогат ауданы бөлініп шығып, Исатай ауданы құрылып, орталығы Аққыстау селосы болып жариялануына байланысты, аудандық партия ұйымдастыру конференциясы болды. Сол бір жиында есте қалары – конференцияда Ақтаудан, Маңғыстау облысынан облыстық су шаруашылығының басқарушысы болып істейтін Забурын елді мекенінің тумасы, жерлесіміз Қабиболла Есболов конференцияға делегат болып қатысып, пленум мүшелігіне ұсынылды. Конференцияда ол кісі шығып сөйлеп, өзінің өмір жолын, еңбек соқпағын айта келіп, Москвадағы жоғары оқу орнынан мелиорация саласында су шаруашылық мамандығын алғандығын айта келіп, "егер мені пленум мүшесіне сайлап, ла-уазымды жұмыстарды сеніп берсеңіздер, мен сіздерге екі өзен ортасын суға кенелтіп, эрозияға ұшыраған жерді қалпына келтірер едім, оған себебім, менімен қатар осы оқуды бітіргендер Одақ көлеміндегі жоғары дәрежедегі жұмыс – министрден бастап, көрші Ресей облыстарының су шаруашылығын басқарады. Яғни, жолдастарым маған қол ұшын беретіні сөзсіз. Қорыта айтқанда, екі ауданның су мәселесін шешемін деп уәде беремін. Мен осы конференцияға келгенге дейін Нарын өңіріндегі судың мән-жайымен танысып, аралап келдім. Ең бірінші мәселе, Еділ өзенінен Нарын құмына канал тарту. Сарыөзен мен Қараөзеннің жоғарғы жағындағы бас-тауын Еділ су жүйесіне жалғастыру үшін жұмыстанамын. Екі ауданның көлеміндегі бекітілген су арналарын ашып, су тасу кезінде суды Нарын құмына шейін жеткізуді қамтамасыз жасау үшін бар біліммен, жігер-күшіммен жұмыстанамын. Жалтыр көлдің қақ ортасын жара топырақ үйдіріп, екіге бөліп, канал үшін үйдірген топырақ табиғатқа жасалған кешірілмес қателік. Жалтырдан ұшып шыққан тұзды топырақ жерді аздырған. Мен осы жайларды маман ретінде де және осы жиынға дейін сіздердің су жүйелеріңізді аралап, көріп келгендіктен айтып отырмын" деп еді. Залдан, есімде жоқ, бір делегат тұрып, «сіз пленум мүшесіне сайланып, басшы орынға сайланбай қалсаңыз, аудандық атқару комитетінің орынбасары болып жасар ма едіңіз» дегенде, Қабиболла Есболов «мен қазір 55 жастамын, енді қалған бес жылда сатылар арқылы көтеріліп, нәтижелі жұмыс істеймін деп уәде беру мүмкін емес» деген-ді. Ол кісі пленум мүшесіне сайланды да, аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланбай қалды. Қазір өткен кезге көз жүгіртсек, сол кездегі мәселе дұрыс шешілсе не болар еді деген оймен ғана шектелуге тура келеді. Журналист Құттыгерей Смадияровтың «Сағадағы су ішсе, аяқтағы у ішер» деген толғауы жеткен мәселемен «Мұнайлы Астана» газетінде жазылған өзекті үлкен ізденіспен, зерттеулер мен факторлерге сүйеніп жазған, ғылыми тұрғыдағы дәлелдермен ауқымды қамтылған және онда көтерілген кезек көтермейтін мәселелерді оқығанда, Алаштың азаматымын деген адамға ой салары сөзсіз. Мақалада қозғалған мәселелер екі ел арасында шешімін тапса, шөлдеген Нарынды ғана емес, Атырау өңірінің құт-берекесі артып, ырысы мен байлығы молаяры хақ.

Мұрат БЕКТЕНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тұщықұдық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521