Нашақорлыққа қарсы жан-жақты шаралар қоғамда жиі өткізіліп келеді. Соның бірі – аудандық полиция бөлімінің бастамасы. Бөлім қызметкерлері қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, спортқа да белсенді қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауда. Жақында «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен өткен полиция қызметкерлері арасында кіші аяқ доптан турнир соның айғағы десе болады.
Аталған шараның негізгі мақсаты қоғамда нашақорлықтың алдын алу, полиция қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұжымдық бірлікті арттыру және спортқа деген қызығушылықты дамыту болды.
Жарысқа «Жедел тергеу тобы», «Уақытша ұстау изоляторы», «Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі», «Кезекші бөлім» командалары қатысты. Әр команда тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындарға таласты.
Турнир қорытындысы бойынша ІІІ орын – «Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі» командасына, ІІ орын – «Жедел тергеу тобына», І орын «Кезекші бөлім» командасына бұйырды.
Сонымен қатар турнир барысында үздік өнер көрсеткен ойыншылар бөлім бастығының алғыс хатымен марапатталды. Атап айтсақ, олар «Үздік қорғаушы» – Даулетов Фарид, «Үздік қақпашы» – Сатимов Данабек, «Үздік шабуылшы» – Ұзақбаев Ербол, «Әдемі гол» иегері – Нұрмұханбетов Дулат, «Үздік ойыншы» – Бақтияр Айболат сынды қызметкерлер. Жарыс соңында жеңімпаз командаға арнайы кубок табысталды.
Турнирге қатысушы ойыншылардың бірі, үздік ойыншы атанған Дулат Нұрмұханбетов өз әсерімен бөлісті.
– Осындай спорттық сайыстар бізді бір-бірімізге жақындата түседі. Әріптестер арасында достық қарым-қатынас нығайып, спортқа деген қызығушылық артады. Бұл жеңіс – бүкіл команда еңбегінің нәтижесі,-деді ол.
Иә, турнир – тек спорттық жарыс қана емес, қоғамға үлгі боларлық бастама.
Сағыныш ҚАЙЫР


