Небір дүлдүлдерді дүниеге әкелген қасиет-ті Нарын топырағында биылғы жылы талай таланттардың мерейтойлары аталып өтіп жатқанына куәміз. Солардың бірі, от ауызды, орақ тілді ақын Насихат Сүгірұлының 135 жылдығы құмды жиектей қоныстанған, кезінде ақын ұрпақтары тамыр жайған Исатай ауылында аталып өтті.
Сонау зұлмат жылдарда жазықсыз жаланың құрбаны болған жыр сүлейінің мерейтойына орай аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған аудандық жыр мүшәйрасы «Мен қиядан ұшқан қырғимын» деп аталып, жиналған көпті бір серпілтіп тастады.
Шараны елімізге танымал жыршы-термеші Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі, жерлесіміз Манарбек Дәулетов Насихат Сүгірұлының толғауымен ашты.
Әрине, сұрқия саясаттың құрбаны болған ақынның кейінгі ұрпақтарына да оңай болмағаны белгілі. Аталған шараға арнайы шақырылып, жыр мүшәйрасын тамашалаушылардың сол күнгі толқыныстарын да түсіну қиын емес-ті. Шара барысында Исатай ауылдық округі әкімі Аслан Ғұбаш ақын ұрпақтарына үлкен құрмет танытып, арнайы естелік сыйлықтар табыстады. Ал осы бір шырайлы шараның басы-қасында жүрген аудандық мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ринат Есқали төкпе ақын туралы баян етті.
1889 жылы Мыңтөбе ауылында дүниеге келген Насихат Сүгірұлы жасынан Шалгез бен Шәйтім, Сүгір мен Нұрым жырларын жаттап өскен-ді.1916 жылғы патша үкіметінің маусым жарлығымен Еуропаны қоныстанған Румыния елінде окоп қазу жұмыстарында болулы. 1917 жылы елге оралған ақын «Айдады патша жыраққа» аталатын әйгілі толғауын жазды. 1921-1922 жылдары ақ бандыларды талқандауға қатысқан ол 1924-1929 жылдары Мыңтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы да болады.
1930 жылы Астраханның Қызылжар жеріне көшіп кеткен ақын жазықсыз жалаға ұшырап, әуелі Астрахан, кейіннен Гурьев түрмесіне қамалады. Насихаттың «Еділ-Жайық – екі су» толғауы осы жылдары дүниеге келген екен.
Ақын өз шығармаларында елдің қамын жеген, ақиқат пен жалғандық жайлы толғанған. Оған 1937 жылдың қарашасында ату жазасы берілген.
Екі кезеңнен тұрған шараның алғашқысында ақын өлеңдерін оқып, екіншісінде ақынға арнаған өз туындыларын тыңдарман көпке ұсынған сегіз ақын ауданның алты ауылдық округінен келген еді. Ал осы екі кезеңнің аралығында жазушы Ләтифолла Қапашевтың «Аманғали мен Насихаттың соңғы кездесуі» атты пьесасынан үзінді сахналануы шара мазмұнын байыта түсіп, көрермен жүрегінен орын тауып жатты.
Манарбек Дәулетов төрағалық еткен, құрамында белгілі әнші-термеші Дулат Зұлхашев, ақындар Дидар Жеткін мен Амангелді Панаберді бар қазылар төрелік қылған мүшәйра қорытындысында жанбайлық Асылай Мәжитқызы, зинедендік Ескендір Төребекұлы, исатайлық Ақнұр Айбекқызы Алғыс хаттармен марапатталса, екі үшінші орынды аққыстаулық Қарлығаш Сахибиденова мен зинедендік Аслан Үкібаев, екінші орынды нарындық Оралбек Шманов, бірінші орынды аққыстаулық Нұрлан Мұрат олжалап, бас жүлде қамысқалалық Саламат Бақтығалиұлына бұйырды.
-Ауданымыздың алты ауылдық округінен келген сегіз ақын мүшәйра мінберіне көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Артында өнегелі сөзі, өшпес жыры қалған Насихат ақынға арналған бұл шарада өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Ауылымыздағы мәдениет ошағының сахнасы ақынның әні мен жырына толып жатқанына сүйіндік,-деді бізге «Исатай ауылдық клубы» МКҚК директоры, Мәдениет саласының үздігі Салауат Меңдіғазиев.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР