Сейсенбі күні «Zhas Project» грантының иегерлері қолға алған «НАЗ» шеберлік студиясының ашылу салтанаты өтті.
Шараға ауылдық округ әкімі, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің және аудандық жастар ресурстық орталығының басшылары, менторлар, ауыл тұрғындары қатысты. Студияның мақсаты - ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналарға, жұмыссыз жастарға, оқушыларға іс тігуді, әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасауды тегін үйрету, шеберлік сабақтарын өткізу.
«НАЗ» студиясы жобасының бастамашыл тобы құрамы 4 адамнан тұрады. Жоба көшбасшысы - Қарлығаш Салауатқызы, топ мүшелері - Алтынай Қосбергенқызы, Назым Салауатқызы, Асылбек Қосбергенұлы. Әлеуметтік жоба бағытында жұмысын бастағалы отырған аталмыш студия енді осы құраммен тегін қызмет ететін болады.
Шарада сөз алған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев пен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов топты студияның ашылуымен құттықтап, жоба жұмысына сәттілік тіледі.
- «Zhas Project» гранты жайында ең алғаш әкемізден естідік. Содан соң, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері мен көпбалалы аналарға көмегімізді тигізу мақсатында бағымызды сынап көрсек деп шештік. Бәрі ойдағыдай болды. Енді жұмыс жасауымыз керек. Жобаны қорғау барысында жан-жақты кеңес беріп, қолдаған тиісті сала мамандары мен жанашыр азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - дейді жоба көшбасшысы Қарлығаш Салауатқызы.
Студияның лентасын қию құрметі ауыл ақсақалы Ерғали Құспанұлы мен топ мүшелерінің әкесі Салауат Сахибеденұлына берілді. Жастар ресурстық орталығының басшысы Ринат Есқали жаңа студия жұмысына табыс тілесе, ауыл ақсақалы Ерғали ата қол жайып, ақ батасын берді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ