Бүгінде тәртіп сақшыларының арасында биік белестерге қол жеткізіп, қызметін абыроймен алып жүрген арулар баршылық. Осындай нәзік жанды азаматшалардың бірі – Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Исатай аудандық Пробация қызметі тобының аға инспекторы, әділет капитаны Сая Әділетқызы. Қиындығы мен қызығы қатар жүрер қызмет түрін ер-азамат әріптестерімен қатар алып жүрген жерлесімізбен сұхбаттасудың орайы мереке қарсаңында келді.
- Сая Әділетқызы, көпшілік полиция қызметкері болу - көбіне ер адамдарға лайықты жұмыс деп түсініп жатады. Бұл жұмыс нәзік жандыларға қиынға соқпай ма? Еңбек жолыңызды қысқаша айта өтсеңіз...
- Мамандықты дұрыс таңдаған адам өмір бойы өзіне құрметі мен сенімін жоғалтпайды. Ал өз ісінің нағыз маманы атану – екінің бірінің еншісіне бұйырмаған бақыт. Ерекше ықыласпен атқарылған еңбек ер немесе әйелге тән деп бөлінбеуі тиіс деп ойлаймын. Бастысы, жұмысыңа деген құрмет пен қызығушылық жоғары болса болғаны. Біздің басты ұранымыз – ел тыныштығын тұрақтандыру, міндетіміз – халықтың қорғаны болу. Осы жолда 2014 жылдан бастап Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесіне яғни әйелдер колониясына бақылаушы болып, еңбек жолымды бастадым. Тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру мақсатында Павлодар қаласына 3 ай мерзімге тыңдаушы ретінде оқуға бардым. 2016 жылы Мақат аудандық пробация қызметінде инспектор, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін Исатай аудандық пробация қызметі тобының аға инспекторы болып қызмет атқарудамын.
- Бұл мамандықты таңдауыңызға қандай себеп болды?
- Шындығына келсек, бала күнімнен адам жанының арашасы – дәрігер болуды армандап өстім. Алайда мектеп бітіруіме 3 ай уақыт қалған кезде бұл арманымнан саналы түрде бас тартып, полиция қызметін таңдадым. Дәрігер боламын деген арманымнан бас тартып, полиция мамандығын таңдауыма айтарлықтай себеп болған жоқ. Бір сәтте, қызығушылығым осы салаға арта түсті. Адам арманының өзіде адамның қиялы мен қалауынан туар биік шың ғой. Таңдауыма өкінген тұстарым болған емес. Себебі, қос мамандық та халықтың игілігі үшін қызмет атқарады.
- Жұмысыңыздың атқаратын функционалдық міндеттері қандай?
- Мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде жергілікті атқарушы органдармен өзара тығыз байланыста жұмыс жасаймын. Бұл жүйенің өзіне тән қиыншылығы жетерлік. Айына бір рет сотталғанның үйіне барып, тексереміз. Егер сотталғанның үстінен шағым түсіп, не қандай да бір қылмыстық іске қатысы бар екендігі анықталса, онда оның ісін сот қайта қарап, ол түзеу мекемесіне жіберіледі. Пробация қызметінде біз сот, жедел уәкіл, учаскелік полицей, жұмысқа орналастыру мекемесі, психологтармен бірігіп жұмыс істейміз. Сотталғандармен жұмыс істеу, олардың әр қимылын бақылау, адамды қайта тәрбиелеу оңай іс емес. Олардың әрқайсысы-мен әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жүргізіп, жеке басында туындаған мәселелеріне ден қойып, оны дер кезінде шешіп отыруға тиіспіз. Сондықтан, жұмысым ауыр да жауапты. Жазасын өтеуші де – қоғамның бір мүшесі. Адамға бағытты қаншалықты дұрыс берсең, ол солай қалыптасады. Сонымен қатар, көп нәрсе қоғамға да байланысты. Егер қоғам оларды жақсы қабылдаса, олар да сол сенімнен шығуға әрекет ететін болады.
- Сіздің ойыңызша, үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс?
- Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы. Елбасы Жолдауында: «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау туралы тапсырма беріліп, біршама міндеттер жүктелді. Бұл – біздің жауапкершілікті күшейтіп отыр. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Полиция қызметкерлері қызмет бабында салғырттық танытпауы тиіс. Ең бастысы, үлгілі полиция туыстықтан гөрі турашылдыққа бет бұратын қызметкер болу қажет.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әділбек СЫРЫМОВ