Нәзікжандылардың белсенділігі жоғары

Көгілдір көктемге ілесе келіп, көңілдерге қуаныш сыйлайтын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында нәзікжандыларымыздың ауданның дамуындағы еңбек үлесі жөнінде сөз қозғау да орынды.

Осыған орай аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Абежан Нұрғайша Халидоллақызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Нұрғайша Халидоллақызы, алда келе жатқан мерекеңізбен құттықтаймын. Сіз де аудан экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының дамуына бір кісідей атсалысып келесіз. Осының айғағындай, өткен жылы мемлекеттік награда - «Ерен еңбегі үшін» медалына ие болдыңыз. Марапатыңызбен құттықтаймыз. Мұның аржағында біле-білген адамға қыруар еңбек пен маңдай тердің жатқанын білеміз. Әңгімені әуелі осыдан бастасақ?

- Рахмет тілегіңізге! Әрине, жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың алдына қойған мақсаты туып-өскен еліне қызмет ету, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосу екендігі белгілі.

Жұмыста облыс, аудан басшылығымен, әріптестеріммен бірге ауданның экономикасын көтеруге атсалысу, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамту бағытындағы жобаларды жүзеге асыру сияқты көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарудамыз.

Қарап отырсам, 30 жылға жуық мемлекеттік қызметте жұмыс жасап келемін, еш уақытта марапат, награда алу мақсатым болған емес. Бірнеше мерекелік медальдар, ауданның Құрмет грамотасы, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекеттік наградамен марапатталсам, бұл менің қызметіме берілген баға деп ойлаймын.

- Ауданымызда көптен бері аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыс істеп келеді? Бұл комиссияның негізгі мақсаты не? Соған тоқтала кетсеңіз.

- Аудан әкімінің 2011 жылғы шешімімен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрылған. Сонымен қатар, осындай комиссия ауылдық округ әкімдері жанынан құрылып, комиссия төрағалары болып округ әкімдері бекітілген.

2017 жылдың маусым айында аудан әкімі орынбасары лауазымына тағайындалған сәттен бастап осы комиссия төрайымымын. Аталған комиссияның міндеті отбасы, әйелдер мен балаларды әлеуметтік, экономикалық, заңдық және психологиялық қолдау, ана мен баланы қорғау бойынша шараларды әзірлеу және жүзеге асыру болып табылады. Комиссия қызметін 2 кезеңнен тұратын «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырудамыз. Тұжырымдамада отбасы тәрбиесі, гендерлік саясат, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту, медицина, т.б. бағыттарды қамтиды.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытында жыл сайын «Мерейлі отбасы» конкурсы өтеді. Әр жылдары ауданның үлгілі отбасылары облыстық, республикалық деңгейлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Былтыр Исатай ауылынан  Кенжешовтар жанұясы облыстық деңгейде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңінен жүлделі болды. Бұдан басқа да, Отбасы күндеріне орай барлық ауылдарда әртүрлі шаралар, кездесулер, жиындар өткізу дәстүрге айналған. Жыл сайын әжелер, келіндер, арулар, «Жігіт сұлтаны» сайыстары өткізілуде. Қатысушылардан облыстық деңгейде жеңімпаз болғандары бар.

Комиссия  қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде аудандық ардагерлер кеңесі және барлық округтердегі аналар, әкелер кеңестерімен бірлесе жұмыстар жүргізуде. 2020 жылы Жастар ресурстық орталығы базасында қыздардың «Сырғалым» клубы құрылып, біршама істер атқаруда. 

2018 жылы алғаш рет республикалық Ауыл әйелдері форумын өткізу бастау алса, облыстық форум ауданымызда өтті.

Форумда облыстық комиссияның отырысы, облыс бойынша кәсіпкер әйелдердің қатысуымен көрме, сәндік киім үлгілері көрсетілімдері өтті. Облыс әкімдігінен, Атырау қаласынан, аудандардан келген қатысушылармен болған жиында ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлі, кәсіпкерлікті дамыту, отбасы тәрбиесі және басқа мәселелер қаралды. Бұндай форумдарды аудандарда өткізу дәстүрге айналды.

Барлық ауылдық округтерде Әжелер ансамбльдері жұмыс жасайды. Тұщықұдықтық Әжелер ансамблі Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аудандағы мекеме, ұжым басшыларынан құралған көшбасшы қыз-келіншектер өткізілетін барлық шараларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосуда. Жасалған жұмыстар аудандық «Нарын таңы» газеті, Қазақстан, Caspian news телеарналары арқылы ақпараттандырылуда.

2019 жылдың мамыр айынан бастап  фейсбук, инстаграммда Исатай Гендер, «isatai_gender» парақшалары ашылған, ақпараттар шығарылып отырылады.

- Ауданда қазір мемлекеттік қызметте және кәсіппен айналысатын қыз-келіншектер баршылық. Олардың белсенділігін арттыру мақсатында комиссия тарапынан қандай  мемлекеттік жоба немесе бағдарламалар жүзеге асырылуда?

- Аудандық әкімдікке қарасты мемлекеттік қызметшілер саны 87 болсаоның 46-сы әйелдер, яғни 52,8 пайызы.

Сондай-ақ,  аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы, Тұщықұдық ауылдық Ардагерлер ұйымы төрағасы – апайларымыз.

2020 жылы «Nur Оtan» партиясының партияішілік іріктеу – праймеризге аудан бойынша 29 адам қатысса, оның 12-сі қыз-келіншектер болды. Нәтижесінде, аудандық мәслихат депутаттығына 3 әйел, облыстық мәслихатқа 1 әйел адам өтті.

Ауданда 2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда, оның ішінде 50 пайызға жуығы әйелдер, мәселен 298 шаруа қожалығының 48-ін әйелдер басқарады.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдауда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар  қарастырылған. Бірнеше жылдан бері  қолданыстағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына ауданның кәсіпкер әйелдері қатысып, өз бизнестерін ашты. Мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша жалпы сомасы 27,8 млн.теңге болатын 12 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылса, оның ішінде 13,7 млн.теңге болатын 6 әйел кәсіпкер жобасы қаржыландырылды. Олар қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету салаларында өз істерін ашты.

Былтыр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 624 әйел адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстырылды. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа - 185, ақылы қоғамдық жұмысқа - 280, жастар тәжірибесіне - 41, әлеуметтік жұмыс орнына - 9, қысқа мерзімді қайта даярлау курсына - 26, «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік оқуға – 45 әйел қамтылды. Алғашқы жұмыс орнына - 2 әйел, несие алғаны - 10, қайтарымсыз мемлекеттік грант алғаны 26 әйел адам.

Былтыр «Іскер ана» жобасымен мамандықтарға оқыту курсынан 21 ана өтіп, тігін, массаж, бет әрлеу мамандықтары бойынша өз істерін ұйымдастыруда.

- Сөзіңіз ауызыңызда, осылардың арасында іскерлік қабілетімен ел басқарып жүрген нәзікжандыларда баршылық. Олар туралы не дейсіз?

- Жоғарыда айтып өткендей, аудан әкімінің орынбасарынан басқа, алғашқы ауыл әкімі болып Исатай ауылдық округінің әкімі Ұ.Хисым ерлермен үзеңгілесе еңбек етті, апай қазіргі кезде зейнеткерлік демалыста. Қамысқала ауылдық округінің әкімі қызметінде Р.Тәжиденова, аудандық экономика қаржы бөлімі басшысы А.Сапаева, аудандық білім бөлімі басшысы Г.Құрманғалиева, аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысы Г.Жұмалиева, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Б.Қартмағанбетова сияқты әріптестеріміз басшылық қызметтерін атқаруда.

Сондай-ақ, аудандық теміржол торабы басшысы Г.Көшкінбаева, аудандық Халық банкі басшысы А.Сақыпқызы, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Г.Молдашева, аудандық музей меңгерушісі Г.Жұбанова, аудандық архив басшысы Ж.Ахмедиярова еңбек етуде. Өздеріңізге белгілі, білім саласы, медицина мекемелерінің басшылық қызметіндегі қыз-келіншектер үлесі 90 пайызға жуық.

- Мерекеге байланысты газет оқырмандарына қандай  тілек айтар едіңіз?

- Барша аудандағы аяулы аналар, қыз-келіншектер, әріптестерім, құрбыларым, сіңлілерімді, жалпы әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне толағай табыс тілеп, әрдайым жан жадыратар жақсылықтар мен сәттіліктер шуағына бөлене беріңіздер дегім келеді!

Сұхбаттасқан Аяпберген Салихов.

                                                 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521