Назираға үй әперетін болды

35 жастағы Назира Тілекқабылова - Аққыстау ауылының тұрғыны. Жолдасы өмірден өтіп, шиеттей төрт баласымен қалғанына 9 жыл уақыт болған. Қазір олар аудан орталығында орналасқан жатақханада тұрып жатыр. Бір қуантарлық жайт, Назира ана енді бір айдан кейін жеке үйлі болмақ.

- Баспана жайы толғандырып жүр, дегенмен, Үкіметтің үй кезегінде есепте тұрмын. Балаларымды жетілдірейін, қатарынан қалмасын деп, тұрақты қызметіме қоса, жұмыстан бос уақытымда таныстарымның үйлерін әктеп, қосымша табыс табудамын. Үй сұрап, үйіме жағдай жасауын сұрап, ешбір есікті тоздырмадым. Алланың назары ауған болар, осы Эльмира апа телефон соғып хабарласқанда қуаныштан төбем көкке екі елі жетпеді.

Бұған дейін мүшелері толық емес бес отбасыға жаңа үй әперіп, екі жылдан бері елдің алғысына бөленіп жүрген Эльмира Ешниязова жақында қайырымдылық қорын да ашып, заңды түрде тіркетті. Аты дардай азаматтардың бірінің қолынан келсе, бірінің қолынан келмейтін, жетім мен жесірге көмек қолын созуда алдыңғылардың қатарында жүрген, әйел-ана болмысымен қоғамда ойып орын алып, «Мать Тереза» атанып кеткен бұл жанның назары біздің аудан тұрғынына да ауғаны қатты қуантты. Инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы миллион сегіз жүз тіркелушісіне үндеу жариялау нәтижесінде осы наурыз айының соңына дейін Назираны үйлі қылуға жұмыстанатынын айтты ол ауданға арнайы келген сапарында. Қарапайым құрылысшы әйел жаны нәзік болмысымен баршаны баурап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болуы ел алдында абыройлы да. Осынау наурыз айының шұғылалы шуақ шашқан мерекесіне орай жомарт жүректі ана Эльмираны да мерекемен құттықтап, қазақтың жаңа жылында Назираның жаңа қоныс тойында бірге қуануға тілекшіміз.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА,

Х.Ерғалиев ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT