ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫР ИЕСІ ҚАТИМОЛЛА РИЗУАНОВ 85 ЖАСҚА ТОЛДЫ

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов 85 жасқа толды.

Исатай ауданында туып-өскен Қатимолла Ризуанов жастайынан ерекше белсенділігімен көзге түскен. Облыстық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарып, Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің нұсқаушысы болған. Индер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде талай маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Кейін облыстық партия комитеті жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1992 жылы халық депутаттары облыстық кеңесін басқарса, бір жылдан кейін кеңестердің орнына құрылған облыстық мәслихатқа хатшы болып сайланды.
1994-1999 жылдар аралығында Атырау облысы әкімінің орынбасары, ұлттық саясат жөніндегі басқарма бастығы, Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметтерінде болды. Қ.Ризуанов елдің саяси өміріне де белсене араласты. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде жаңа жобалардың бастамашысы болды.
Күні кеше аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Ғатихұлы бастаған топ Қатимолла Ризуанов ағамызды 85 жасқа толуымен құттықтады. Құттықтау сөзінде аудан әкімі Нұрым Мусин: -Ағамызды ғибратты ғұмырында мәнді де сәнді, мағыналы өмір кешіп, туған жеріне адал қызмет етіп, абырой-беделге, сый-құрметке бөленген, салиқалы аға буынның арасында тұлғалық келбеті, адами болмысы, өнегесі ерекше қалыптасқан жан дер едім. Әсіресе, Сіздің ел мүддесі үшін аянбай атқарған қоғамдық қызметіңізді өңірлік қалың жұрт өте жоғары бағалайды. Бүгінгі мерейтой, Сіз шыққан абырой-беделдің ең биік шыңы, қызметтің жемісті берекесі десек те болады,-дей келіп, ағамыздың иығына шапан жауып, Құттықтау хатын табыс етіп, деніне саулық, отбасына амандық, өміріне ұзақ ғұмыр тіледі.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Ғатихұлы да: -Киелі мекен, құтты қоныс, құм Нарын өңірінің төл перзенті Қатимолла ағамыз ұзақ жылдар бойы туған жерге аянбай қызмет етіп, Атырау облысының өсіп-өркендеуіне, қиын кезеңдерде әлеуметтік мәселелерінің оң шешілуіне қосқан үлесі аз емес. Былайша айтқанда, барлық саналы ғұмырын өзі дүниеге келген  өскелең өңірдің гүлденуіне, дамуына арнады. Индер, Махамбет, Исатай аудандарының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ елге сіңірген айрықша қызметі мен еңбегі үшін еліміздің жоғары марапаттарына ие болды. Бұл марапаттар ағамыздың өнегелі еңбек жолының өтеуі, халықтың шынайы алғысы деп білеміз,-деген жүрекжарды ақ тілегін арнады, бұл тілекке аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы да қосылатынын жеткізді.
Бұдан соң жергілікті әнші, өнерпаз Дулат Еркінғалиұлы ән мен күйді жақсы көретін ағасына арнап, бір-екі ескі әнді нақышына келтіре орындап берсе, ал, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Қатимолла ағамыздың өзі домбырасын қолға алып, Жансих аға екеуі Құрманғазының «Балбырауын» атты күйін бірлесе тартып, отырысты одан әрі әрлендіріп жіберді. Соңында парасатты да кемел ойлы ағамыз өзін құттықтап, лебізін білдіруге арнайы ат басын бұрып келген исатайлық жерлестеріне шынайы алғысын айтуды ұмыт қалдырмады.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521