Неке неге бұзылады?

 

«Кім ажыраспай жатыр?». Иә, соңғы жылдары қоғамда жиі айтылатын әрі қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан бұл сұрақ кейде әзіл, кейде шындық ретінде айтылса да, астарында үлкен трагедия жатқанын аңғартпай қоймайды. Қазақтың бірлігі мен болмысының іргетасы саналған отбасы институты бүгінде үлкен сынның алдында тұр. Қанша жерден ел боламыз, ұлт боламыз десек те, шаңырақ шайқалса соның бәрі бекер емес пе?! Бүгінгі қоғамда неке қиылған сайын, соған пара-пар ажырасу дерегі тіркеліп жатыр. Бұған статистика дәлел. Мәселен, елімізде 2025 жылдың алғашқы алты айында тіркелген 67 423 некенің 22 840-ы ажырасумен аяқталған. Бұл әрбір үшінші жұптың ортақ өмірі ұзаққа бармағанын білдіреді. Тағы бір көңіл құлазытатыны – Қазақстан ажырасу саны бойынша әлем елдері ішінде 105 мемлекеттің ішінде екінші орынға шықты. 

Ажырасу үрдісінің терең тарихи тамыры барын этнограф Аманжол Қалыштың зерттеу деректері де растайды. Оның айтуынша, бұл құбылыс өткен ғасырдың ортасынан-ақ басталған. «1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші неке бұзылған. Ал 2000 жылы тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан»,-дейді ол. Бұл отбасылық құндылықтарға селқос қараудың, әлеуметтік психологиялық тұрақсыздықтың белгісі.

Исатай ауданындағы жағдай да бұл үрдістен алыс емес. Мысалы, 2024 жылдың 12 айында аудандық сотта неке бұзу туралы 11 іс қаралған болса, 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 15-ке жеткен. Оның ішінде 9 талап қою қанағаттандырылып, некелер сот тәртібімен бұзылған. Ал 6 іс тараптардың татуласуына байланысты қараусыз қалдырылған. Бұл – бір жағынан сотқа дейінгі медиацияның тиімділігін көрсетсе, екінші жағынан сотқа жүгінетін отбасылар санының артып келе жатқанын да аңғартады. Ажырасуға не себеп? Аудандық деңгейде қандай үрдіс байқалады? Осы сауалдарға нақты жауап алу үшін біз аудандық сотының төрағасы Мерлан Құсайыновпен сұхбаттастық.

– Мерлан Рахметтолаұлы, сот мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында неке бұзу туралы 8 талап қанағаттандырылса, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 9-ға жетіп, қозғалған істер мен сот шешімімен бұзылған некелер саны артқан. Арыз саны өзгермегенімен, ажырасулардың ресми түрде заңды күшке енуі жиілеп отыр. Жалпы, сіздің тәжірибеңізде отбасылардың ажырасуына көбіне қандай жағдайлар түрткі болады?

– Иә, өкінішке қарай, некені бұзу бүгінде сирек кездеспейтін жағдайға айналды. Әрине, бұл  жай ғана сандар емес. Бұл адасқан тағдырлар, күйзелген жандар, ең бастысы, екі ортада елеусіз қалған балалардың жүрек жарасы. Ажырасудың себептері әртүрлі. Жолдары екіге айырылған жұптар қаншалықты көп болса, соған себеп болған жағдайлар да соншалықты сан алуан. Біздің тәжірибеде жиі кездесетін негізгі себептер – тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке немесе есірткіге тәуелділігі, опасыздық, ойынқұмарлық және ұзақ уақыт бала сүйе алмау. Кейде бұл факторлардың бірнешеуі қатар келіп, отбасылық өмірді одан бетер күрделендіреді. Сонымен қатар жастардың отбасылық өмірге психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан толық дайын болмауы да жиі байқалады. Отбасы – бұл тек махаббат қана емес, үлкен жауапкершілік. Әр неке белгілі бір даму кезеңдерінен өтеді. Мысалы, бірінші баланың дүниеге келуі – үлкен сынақ. Көптеген неке осы кезеңде бұзылады. Өйткені ерлі-зайыптылардың мойнына бұрын-соңды артылып көрмеген жаңа міндеттер түседі. Ал балалар өскен соң кейбір ата-ана өзін баладан басқа ештеңе байланыстырмайтынын сезінеді.Қоғамда жиі байқалатын тағы бір жайт – материалдық тапшылық пен моральдық-психологиялық қысым. Тұрмыстың ауыртпалығы отбасындағы үйлесімділікке сызат түсіріп, ақыры ажырасуға алып келеді. Бізде қаралған нақты бір істе талап қоюшы Ж.А. отбасын сақтауға ниеті жоқ екенін, мінездерінің мүлде үйлеспейтінін айтты. Ал жауапкер керісінше, татуласуға уақыт беруді сұраған. Сот заң шеңберінде оларға бір ай мерзім беріп, татуласу мүмкіндігін ұсынды. Алайда бұл уақыт ішінде ортақ шешімге келе алмағандықтан, сот некені бұзу туралы шешім шығарды. Ал мұндай жағдайлар күнде кездесіп жатқан қарапайым ғана статистика емес, әрқайсысы – адам тағдыры. Сол себепті неке мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Алдын алу, түсіндіру, қолдау – бұл қоғам болып бірге атқарар іс.

 

Жалғасы газеттің №29 (4242) санында

 

Сұхбаттасқан: Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT