Өнер мен тарих өрілген сазды кеш

 

Бұл жолғы бейсенбі аудан төрінде ерекше рух пен әсемдікке толы кеш сыйлады. Кешкі салқынмен көмкерілген Тәуелсіздік орталық алаңына халық ерте жиналып, өнерпаздарды тағатсыздана күтті. Белгіленген уақытта орталыққа қос ат жетектеп әрі көліктермен келген көркемөнерпаздар табан тіреп, мерекелік концерттің шымылдығы ашылды.

Апта сайын жалғасып келе жатқан бұл дәстүрлі өнер кешін осы жолы Тұщықұдық ауылдық округінің өнерпаздары жалғады. Олар сахна төрінде әсерлі қойылым, әсем ән, күмбірлеген күй мен ырғақты биді үйлестіре ұсынды. Алғашқы композициялық қойылымда өткен күннің өрнекті сәттері қайта тіріліп, тарихқа тағылымды шолу жасалды.

 

 

Тұщықұдық – өнер мен мәдениеттің тамыры терең жайылған киелі мекен. Бұл жерден талай ұлылар түлеп ұшқан. Солардың қатарында саз шебері Шәмшиден Шәріпов, театр тарланы Ғатау Рамазанов, күй құдіреті Әзидолла Есқалиев, жыр жүйрігі Нұралы Әжіғалиев, жыр падишасы Фариза Оңғарсынова, сахна саңлағы Нариман Үлкенбаев сынды тұлғалардың бейнесі көркем сомдалып, олардың өшпес өнегесі көрерменнің көз алдына келді. Сол қойылымға әр берген ауданға белгілі қаламгер, ақын, журналист Жоламан Отарғалиұлының сөзіне жазылған жыр кештің көркін аша түсті.

 

 

Кеш барысында Нарын өлкесінің небір дүлдүл, жыршы мен күйшілердің елі екендігі тағы бір мәрте айқындалды. Сахнаға көтерілген Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров жылы лебізін білдіріп, жұртшылықты тамаша өнер кешінің куәсі болуға шақырды.

 

 

Өнер мерекесін ауылдың мақтанышына айналған «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының «Еркемай» балалар оркестрі жалғады. Кішкентай дирижёр Ясина Нәбеннің сахнадағы шынайы шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

 

Бұл кеште тек ауыл өнерпаздары ғана емес, елімізге танымал өнер жұлдыздары да өнер көрсетті. ҚР Ұлттық ұлан ансамблінің солисті, эстрада әншісі Асхат Әмірғали «Жамалымсың», «Сағындым әке» және басқа да танымал әндерімен көпшілікті тәнті етсе, қоңыр үнімен ерекше баурайтын Медет Қарамырза да сахна көркін қыздырды. Кештің құпия қонағы – Мәдениет және өнер саласының үздігі, танымал әнші Дәурен Сейітжанов көрерменді шаттыққа бөледі.

 

 

«Айфон» атты термесімен Әділет Сүйінғалиұлы мен сырнайшы Дәулет Асқарбекұлы тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Әсіресе, ана қадірін бағаламау жайлы жырланған өлең жолдары алдыңғы қатарда отырған ақ жаулықты аналардың жанарын жасқа толтырды.

1987 жылдан бері өнер сахнасында биігінен түспеген «Бермағанбетовтер» жанұялық ансамблі бұл жолы да көптің көңілінен шықты. Сонымен қатар, Қырғыз елінің «Жылқышының әнін» нәзік үнімен Ұлмерек Демесінқызы шебер орындап, кештің шырайын кіргізді.

Кеш соңында аудан әкімі Нұрым Мусин сахнаға көтеріліп, өнерпаздарға алғысын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Осылайша, Тұщықұдық төрінде өткен бұл өнер мерекесі ел есінде ұзақ сақталары анық.

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT