«Өнер – менің өмірімнің ажырамас бөлігі», - дейді Әсет Ғажапбекұлы

 

Әуелгі тыныштықты ән оятады дейді. Сол ән кейде бір елдің тағдырын, бір адамның ғұмырын, бір ауылдың жүрек лүпілін ішіне сыйдырып тұрады. Төскейде тұрып желмен сырласқандай, халықтың жанын көзге көрсетпей тербейтін, көңілдің ең түкпіріне барып әуез салатын бір тылсым күш бар. Ол - өнер. Өнер – бір шаңырақтың тынысы, онда айтылмаған сыр, жазылмаған жыр, жүрекке сіңген ғұмыр бар. Мұндай үйде туған бала әуенді іздеп үйренбейді – ол әуеннің өзіне айналып, сол әуенмен бірге өседі. Осындай өнердің отымен жанып, шабыттың шаңырағында көз ашқан жанның бірі – Әсет Ғажапбекұлы. Ол өнерді кейін іздеп тапқан жоқ, музыка оған бесіктен бастап дарыған. Әкесінің ұлағаты, анасының мейірімге суарылған жүрек жылуы, үйдегі орта мен тәрбие – бәрі оның болашақ жолын әуел бастан айқындап қойғандай еді. Бүгінде Әсет Ғажапбекұлы үшін өнер кәсіптен де жоғары, ол – өмірдің мәні, тіршіліктің тынысы. Оның шығармашылығында сезім мен саз, ізденіс пен еңбекқорлық үйлесіп, жүрекке жайлы әуен болып өріледі. Туған топырағына жан беріп, өңір мәдениетіне тыныс қосып жүрген ол – талантты музыкант, ұстаз әрі өнер жанашыры.

Иә, кейіпкеріміз – Х.Ерғалиев ауылының тумасы. Балалық шағы туған ауылдың киелі топырағында өтті. 2001–2007 жылдар аралығында аталған ауылдағы  Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепте білім алып, мектеп қабырғасынан-ақ өнерге деген сүйіспеншілігі ояна бастады. Әсеттің бойындағы осы табиғи қабілетті байқаған ата-анасы оның өнер жолына түсуіне қолдау көрсетті.

2007 жылы ол Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына қабылданып, кәсіби музыкалық білімнің алғашқы баспалдақтарына қадам басты. Бұл оқу орнында жүріп, өнердің терең сырын ұғынып, сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлікті меңгерді. 2010 жылы Әсет Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы – Атырау музыка колледжіне оқуға түсіп, ұрмалы аспаптар мамандығын таңдады. Колледж қабырғасында ол эстрадалық, классикалық және халық аспаптар оркестрінде ойналатын ұрмалы аспаптардың барлық түрін меңгеріп, өз ісінің шеберіне айналды.

 

 

Табиғи таланты мен табанды еңбегінің арқасында 2014 жылы оқуын үздік тәмамдап, кәсіби өнер жолына нық қадам басты. Сол жылы ол білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, жоғары білім алып шықты. Сол кезден бас-тап туған өлкесінің мәдени саласында қызмет етіп, өз білімі мен өнерін жас ұрпақ тәрбиесіне арнады.

Қазіргі таңда Әсет Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы – Атырау музыка колледжінде ұстаздық етіп, ұрмалы аспаптардың қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп келеді. Сонымен қатар Атырау облыстық филармониясы Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын»  ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі ретінде өнер көрсетіп, өңірдің мәдени өмірін байытуға атсалысып жүр. 

 

Жалғасы газеттің №44 (4257) санында

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT