Өнер жұлдыздары Аққыстауда ән салды

Суреттер автордікі

Ортақ іске жұмыла кірісетін 2005 жылғы мектеп түлектері 20 жылдық кездесулерін ел есінде қалатындай етіп ұйымдастырды. Мерейтойлық шаралар легі аламан бәйгемен басталып, ауыл тұрғындарына арналған әсерлі гала-концертпен жалғасты.

Аққыстау орта мектебі мен Абай атындағы орта мектептің түлектері өздерінің ұйымшылдығы мен туған ауылға деген құрметін дәлелдеді. Аудан орталығында өткен концертке танымал өнер жұлдыздарын шақырып, ауыл жұртына шын мәніндегі мерекелік кеш сыйлады.

 

 

Кеш шымылдығы Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусиннің құттықтау сөзімен ашылды. Ол ауыл жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған түлектерге алғысын білдіріп, олардың бұл игі ісін жоғары бағалады.

 

 

Ұйымдастырушы түлектер де кеш барысында сахнаға көтеріліп, ұстаздарына, ауылдастарына жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

 

 

Концерттік бағдарлама барысында көрермендермен кері байланыс орнатылып, қызықты сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-кәделер тарту етілді. Бұл – көрермендердің белсенді қатысуына сеп болды.

 

 

Аққыстауға арнайы келген өнер жұлдыздары – эстрада жұлдызы, жас әнші Baytanat, сондай-ақ Медет Қарамырза, Әсет Әлиев, Мержан Қабдолов, Санжар Қаталов, Мырзабек пен Гаухар, Тұмар триосы, Ізбасар Самиғоллаев сынды орындаушылар көрерменге нағыз өнер кешін сыйлады. Әсіресе, жастар арасында танымал Baytanat-тың сахнадағы өнері көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

 

 

Кеш соңы өнер жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен шығармашылық тоғысқан, туған ауылға деген махаббат пен сағыныш сезімі қатар өрілген әсерлі мерекеге ұласты.

 

 


С.ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT