«Өнерден кетсем, ұстаз болар едім» дейді Қобыланды Болат

 

Сейсенбі күні Астанадан ауданымызға арнайы келген театр және кино саласының танымал өкілі, «5:32» веб-сериалының басты кейіпкері, әнші әрі актер Қобыланды Болатпен мазмұнды кездесу өтті.

 

 

Тағылымды шараның ұйымдастырылуына аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен жергілікті әкімдік қолдау көрсетті.

 

 

Кеш тізгінін кәсіби біліктілігімен танылған журналистер Орынгүл Махмудова мен Еркебұлан Зинеден ұстады. Олардың орынды қойылған сұрақтары кездесудің ажарын ашып, көрермен қауымды актердің өмір жолы мен шығармашылық әлеміне терең үңілуге жетеледі.

 

 

Қобыланды Болат балалық шағын Баянауылдың баурайындағы бейқам, тәтті күндер деп еске алды. Ерте жастан ата-әжесінен айырылып, көбіне нағашы атасы мен әжесінің қолында өскенін айтты. Әсіресе Темірәлі есімді нағашы атасының қаталдығы көп нәрсеге шыңдап, еңбекқорлыққа баулығанын ерекше атап өтті.

– Атам өте қатал адам болды. Ең ауыр жұмыстарды да жасататын. Сол кезде «мені жақсы көрмей ме?» деп ренжитінмін. Сөйтсем, өмірдің өзі оңай емес екенін, адам қандай қиындық болса да алған бағытынан таймай, күш-қайратқа сүйенуі керектігін үйреткен екен. Ерге тән мінезді атамнан, ал қиялды оятқан – орысша білмесе де жүрегіне мейірім ұялаған Любовь есімді әжем, – деп бөлісті актер.

 

 

Кеш барысында қойылған сұрақтардың бірі: «Егер сахнадан кетуіңізге тура келсе, қандай мамандық таңдар едіңіз?» болды. Актер бұл сауалға еш ойланбастан: «Ұстаз болар едім», – деп жауап берді. Әйтсе де, өнер мен мәдениеттің егіз ұғым екенін тілге тиек еткен ол қандай жағдайда да шығармашылықтан  алыс-тамайтынын жеткізді.

 

 

Кездесу соңында Қобыланды Болат жақын күндері Астана қаласында жеке шығармашылық кешін өткізетінін қуанышпен хабарлады. Түрлі сұрақ-жауап ойындары арқылы көрермендермен етене тілдесіп, кешті қызықты ете түсті. Тіпті сахна үстіндегі актерлік қабілетін сынаған шағын ойын да ұйымдастырылып, актер оған еш мүдірместен, шынайы шеберлікпен жауап қатты.

 

 

Осылайша кездесу кеші қонағы Қобыланды Болат  гитараның сүйемелдеуімен орындаған авторлық «Жарық» әнімен түйінделген жүздесуде көрермен қауым өнер иесін жаңа қырынан танып, ерекше әсермен тарқасты. 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT