Арғы-бергі заманда домбыраның сыршыл пернесінен сезім кілтін ағыт-қан шалқар шабыт, киелі күй иегерлері, дүлдүл домбырашы болған бабаларымыз жетерлік.
Атамекен, табиғат, адам, жан-жануар, көңіл-күйі, ұлт тағдыры, тарихи кезеңдер, бір сөзбен айтқанда, күллі дүние бүге-шігесімен дерлік күйге арқау болса, қазіргі таңда да ол қоңыр домбыраның қос ішегінде ерекше бір мәнерге ие. Осынша мол мұрамыздың бүгінгі күнге жетуі күй құдіреті, талант құдіреті екендігі даусыз. Тума таланттарымыздың бірі, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығы осының бір айғағы дер едік. Ертеңгі наурыздың 25-і - осынау өнердің ұлы тұлғасының туылған күні де болатын.
Дарабоз өнер иесіне «Күй Қаршығасы», «Саңлақ күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасыр күйшісі» тәрізді бағаны өзі сүйген, өзін сүйген халқы берді. Күйші, саятшы, қисса-термелерді төгіп айтатын Ахмедияр ақсақал отбасында өсіп, төрт жасынан ермегі де, еңбегі де домбыра болған Қаршыға «өнерің үстем болсын, өркенің өссін» деген ата тілеуін, батасын алып, бала күннен әншілік-күйшілігімен көзге түсті. Күй мұхиты атанған Атырау өлкесінде дүниеге келіп, сегіз қырлы бір сырлы әке тәрбиесінің, үлкен ағасы Қыр-ғидың, ұстаздары Казекеш Мұхтаров, Шәмшиден Шәріпов, Нариман Үлкенбаевтардың домбыраға баулу мектебінен өткен Қаршыға халық артисі Қ.Жантілеуов, «Жоғары мектеп үздігі», профессор Қ.Мұхитов, У.Бекенов, оркестрде дирижерлау мамандығы бойынша профессор Ш.Қажығалиевтардан дәріс алып, өнер мұхитында еркін жүзді.
Өнер зерттеушілері ширек ғасырдан астам уақыт сахна төрінде шеберлік шыңын еншілеп келген оған кәсіби шеберлігі жөнінен иық теңес-тіре қоятын не асып түсетін талантты таба қою қиындығын айтқан. Ғасырлардан жеткен күй өнерінің мәйегін домбыра шанағында туған перзентіндей әлдилеп өткен, қай мектептің күйін орындаса да, сол өлкеде туғандай, сол елдің ұлының қолынан алғандай нанымды жеткізген, арғы-бергідегі күйшілерден репертуары ең ауқымды, теңдесі жоғы Қаршыға деулі олардың бәрі. Оның орындаушылық өнері жайында Мемлекеттік сыйлық иегері, халық ақыны Фариза Оңғарсынова:
Жан-жақтан құрсағанда белес-бөгет,
Еңсеңді көтересің елес жебеп.
Ойлайсың осы жігіт күй құдайы
Кәдімгі Құрманғазы емес пе деп!-деп жырлады «Домбыра» өлеңінде.
Қаршыға ағаның ұстазы, еңбек ардагері, профессор, жоғары мектепке еңбегі сіңген қызметкер Құбыш Мұхитов: «Қаршығаны мен заманымыздың Құрманғазысы дер едім, Қаршығаны мақтау емес, Қаршығамен мақтану керек» деп әркез қайталаумен өтіпті.
Күйші қолынан өткен мол мұра бірнеше күй табақ, үн-бейне таспа, теледидар, радио қорында сақтаулы. 14 СД тұратын «Күй Қаршыға» топтамасы консерватория радио кешенінде жинақталып, хроникалық жүйемен мазмұндалып, қызы Раушан Ахмедиярованың қолдауымен Америкада шығарылғанын жеткізеді деректер.
Ол домбыра сазын хаттаудың хас шебері. Қаршыға Ахмедиярұлы – жан-жақты ірі музыкант, қайталанбас дара талант. Оның күй өнері саласындағы жеткен жетістігі – кім-кімге де үлгі-өнеге, келер ұрпаққа арналған асыл мұра. Қазақтың Қаршығасы – ұлтын ұлығылап, ұлар шыңда аты қалған ұлы тұлға.
1946 жылы Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген Қаршыға Ахмедияров көрші қонған қос ауданның төл перзенті, Атырауының дарынды ұлы, қазақ күй өнерінің ұлы тұлғасы болды деп айтамыз. Ол 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірді, Қазақстанның халық артисі (1991) атанды, 1967-1991 жылы Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркес-трінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарды.
Дәулескер күйшінің жүрегі 2010 жылы 65 жасқа қараған шағында тоқтады. Оның соңғы демі туған жері Атырауда шығуында да бір сәйкестік бардай. Бойында Сейтектің сынығы, Махамбеттің өрлігі бар Қаршығаны жерлестері де әркез тамсана тыңдайтын. «Шашақты найза, шалқар күй», «Әсемқоңыр», «Сарыарқа», «Жігер», «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жариялаған Қ.Ахмедияров тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі 50-ден аса күй шығарса, оның ішінде «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық» , «Атырау», «Атамекен» туындалары туған жер тақырыбына арналды.
Жан-жақты ірі музыкант, қайталанбас тарлан талант танылған күйші-домбырашы, сазгер жерлесіміз дүниеге келген 25 наурыз қарсаңындағы бір толғам еді бұл.