Өнерді серік еткен Серікбол

0 votes

Мынау өркеш-өркеш құмдары "мен мұндалаған" қасиетті де киелі Нарын өңірінде тұла бойына өнер дарыған жас таланттар аз емес. Соның ішінен біз қамысқалалық белгілі айтыскер, қаламы қарымды журналист, әнші-жыршы Серікбол Панабердиевтің есімін ерекше атар едік. Қашан көрсекте ол жыр-толғауларымен өлеңсүйер жұртшылықты туа бітті дарынымен әркез қуантып келеді. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ өз сыныптастары арасында сөз өнеріне деген зерделілігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, талай мәрте олимпиадаларда топ жарғанын бірге оқыған достары мен ұстаздары күні бүгіндері жыр қылып айтады.

Ерте есейген Серікбол өмірдің заңына бағынуға бел буды. Өз қатарластары жоғары оқу орындарына атанып жатса, Сәкең бірден ауылда қалып, мәдениет үйі жұмысының бірте-бірте өркендеуіне үлес қосуды өзімнің парызым деп санады. Жыл айналып келетін қат-қабат мәдени-көпшілік шараларда домбырасымен қазақтың сыршыл жыр-термелерін нақышына келтіре орындап, көптің көңілінен шығуы оның әуелден өнерлі азамат екенін таныта түскендей. Әсіресе айтыс өнеріне деген құлшынысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Аз ғана уақыт ішінде өзіндік көзқарасы, айтар ойы бар айтыскер ақындардың біріне айналды. Аудан, облыс тан асып республикалық айтыстарға да жиі қатысып жүрді. Қатысып қана қойған жоқ өз замандастары арасында ұтымды, салмақты, мағыналы өткір ойларымен сөз өнерін бағалай білетін жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Тіпті соңғы он-он бес жылдықта Атырау айтыскерлерінің көшін бастап, өзінен кейінгі жас айтыскерлерді өнерге баули бастауы Серікболдың өнерге деген адалдығының мықтылығын көрсетсе керек.

 Серікболды "сегіз қырлы, бір сырлы азамат" деп айтуға болады. Ол сценарист, ұйымдастырушы, сонымен қатар қаламы қарымды журналист дер едік. Бір кездері өзі еңбек еткен Исатай аудандық " Нарын таңы" газетінде мақалалар жариялап, қаламы жүйрік журналист болғанын біреу білсе, біреу білмес. Міне осындай сан түрлі өнерімен қалың жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген Серікболдың  бүгін  "Мәдениет саласының үздігі" төс белгісімен марапатталуы аудан тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Тепсе темір үзетін Серікбол ініміздің әлі талай биік белестерден көрініп, олжа саларына кәміл сенімдіміз.

 

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT