Ұлық мерекені тойлау барысында көңілімізге де өңірімізге де, өмірімізге де жылылығын ала жеткен әз Наурыз мейрамы әр жүрекке шуағын құйғанына куә боларлық жайттар аз болмады. Соның бірі зағип жандар үшін ұйымдастырылған мерекелік шара еді.
Наурыздың 20-сында Атырау қазақ соқырлар қоғамы ұйымдастырған осынау «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!» аталынған зағип өнерпаздар арасындағы облыстық өнер сайысына әр ауданнан бір-бірден, жеті команда қатысты. Әрине, олардың арасында құрамында аталған қоғамның аудандық филиалының басшысы Қуанышкерей Мұхитов, тұщықұдықтық зағип жан, зейнеткер ана Алтын Сәңкібаева және филиал қызметкері Бақтығали Шорағалиев енген исатайлық өнерпаздар да бар болатын.
Қашаннан өнер қонған өңірден барған өнерлі зағип жандар өздерін көпке көрсете білді. Топ ішінен алдымен жұртшылық алдына шығып, жеке орындауындағы «Ерке сылқым» күйін тыңдарманға ұсынған Қ.Мұхитовқа қошемет танытушылар көп болды. Филиал басшысы бұл жолғы Наурыз тойын жақсы көңілде қарсылағандарын айтады. Филиалдың есебінде 50 мүгедектігі бар жан болса, солардың бір бөлегіне мереке алды сый-сияпаттарын ұсынып, игі тілектерін білдіруі бәрекелді дегізер іс болулы.
Өнерлі топ құрамындағы қолөнер шебері А.Сәңкібаева өзінің тоқыма бұйымдарын көрмеге алып шықты. Айтуынша, уақыт тығыздығына байланысты бұл жолы байқауға әкелген жұмыстары кішкентай балалардың сарафан және жакеттері екен. Білгеніміздей, он екі жылдан бері бірінші топтағы мүгедектігі бар жан аяқ жолын да көрмейді. «Бірақ бала жастан тоқыма тоқып үйренгендіктен, саусақтарымның ұшын көре алмасам да, мида жатталған нәрсені қолдарым орындап, әлі де тоқыма тоқудан қалмай, жалғастырып келемін» - дейді ол.
Ал екінші топтағы мүгедектігі бар жан Б.Шорағалиев «Сұрақ-жауап» бөлімінде қазақтың қонақты күтудегі жөн-жоралғыларынан келген сауалдарға тиянақты жауап бере алды.
Осылайша өткен мерекелік шара да мәресіне жетіп, жерлестеріміз байқауда ерекше өнер танытқандары үшін жүлделі үшінші орынды олжалап, арнайы дипломдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға да ие болды. Айта кетуіміз керек, зағип өнерпаздарға қолдау танытқан аудандық білім бөлімі басшылығы аталған шараға барып қайтулары үшін арнайы көлікпен көмектесті.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР