Х.Ерғалиев ауылында өткен «Еркем-ай» мен «Көркем-ай» би топтарының шығармашылық кеші ауыл тұрғындарының көңілін ерекше серпілтті.
Балғын бишілердің өнеріне тәнті болған көрермендер олардың әрбір қадамын қуанышпен қабылдады. Кеште балалар тек халық биін ғана емес, заманауи билерді де жоғары деңгейде орындап, өздерінің көп жылдық еңбектерінің нәтижесін көрсетті.
Бұл топтар бүгінде 50-ден астам баланы біріктіреді. Республикалық және облыстық байқауларда талай рет жеңімпаз атанған өнерпаздар өздерінің ұмтылысымен, талантымен көпшіліктің құрметіне бөленді. Олардың осы жетістіктерге жетуіне үлкен еңбек сіңірген жетекші – Зинагүл Мұхтарова.
– Көп жылдан бері осы саланы алып жүрген ауылдасымыздың еңбегі орасан. Оқушылар сахнада керемет билеп, биік шыңдардан көрініп жүрсе, бұл Зинагүл Мұхтарованың еңбегі. Ол қаншама балаларды тәрбиелеп, олардың қанаттарын қақтырды. Бүгінгі кеште кішкентай балаларымыздың өнерін тамашалап, бір марқайып қалдық. Бұл шараның әрбір минуты көңілге қуаныш ұялатты,-дейді ауданның Құрметті азаматы Күләш Қартеменқызы.
Кеш соңында ауыл тұрғындары мен аудандық Жалын мәдениет үйі ұжымы би саласының майталманы Зинагүл Мұхтароваға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды. Бұл сәт тек бір адамға ғана емес, бүкіл ауыл үшін үлкен мақтанышқа айналды. Зинагүл Мұхтарова мен оның шәкірттері өз өнерлерімен ауылдың мәдениетіне үлкен үлес қосып келеді. Бұл кеш олардың еңбегінің, талантының лайықты бағасын алған күн болды.
Жұлдыз СЕМБИЕВА