Ауылдың қарапайым қоңыр тіршілігінен шығып, үлкен сахнаға аяқ басқан өнерпаздардың жүрегі халықпен бірге соқты. Ауданда әр аптаның бейсенбісінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан өнер керуенін бұл жолы шалғайдағы Зинеден ауылдық округінен келген өнерпаздар жалғастырды.
Кештің басты мақсаты – ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау ғана емес, сонымен бірге жас өнерпаздарды қанаттандырып, олардың шығармашылығын аудан жұртшылығына кеңінен таныту, үлкен сахнаға баулу болды. Жүздерінен қуаныш байқалған көрерменнің көңіл-күйі де сол мақсаттың орындалғанының дәлелі іспетті. Концерт шымылдығын Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Адилова ашып, ауылдың ыстық сәлемін жеткізді. Оның ізін ала сахна төріне шыққан Мұрат Амангелдіұлы жерлес композитор Мұстахим Мұхтаровтың әуезді әніне, ақын Адайбек Есекештің жүрекжарды сөзіне жазылған «Зинеден ата ауылы» әнін шырқап, көрерменді туған жерге деген сағыныш сезімімен тербетті.
Кештің әр сәті тың дүние, жаңа леппен өрілді. Әке мен анаға, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікпен өрілген әндер тыңдарманның жүрегіне жол тапты. Әсіресе, өнер жолына тәй-тәй басып келе жатқан «Айару» би тобының мың бұралған қимылдары көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Жас бишілердің сахнадағы еркіндігі мен сенімді қимылдары ауыл таланттарының болашағына зор үміт барын көрсетті. Концерттің ерекше әсерлі тұстарының бірі – әкені ардақтаған, бір шаңырақтың гүлі болған Анита, Анель, Асель және Раяна Тасубайқыздарының әсерлі ән орындауы еді.
Жүректен шыққан үн, шынайы махаббат көрермен көңілін толқытпай қоймады. Содан соң шығармашылық пен танымдық мазмұн үйлесім тапты. LED экран арқылы ауданға қарасты елді мекендер мен жер-су атаулары жасырылып, арнайы викторина ұйымдастырылды. Дұрыс жауап берген тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл бөлім де халық пен өнерпаз арасын жақындастырып, интерактив арқылы қызығушылықты арттыра түсті. Біресе әнмен шарықтаған, біресе бимен нәрленген кеш көрермен көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз. Зинеденнен келген өнерпаздар аудан сахнасын тек әнмен емес, ұлттық рухпен де тербеп, халықтың шынайы ықыласына бөленді. Кеш соңында аудан әкімі Нұрым Мусин сахнаға көтеріліп, Зинеден ауылынан келген өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, бірқатар өнер иелері мен қолдау білдірген Арсен Әділжанұлына, Ділдә Қапсихқызына, Нұрлан Зұлқарнайұлына Алғыс хаттар табыстады.
«Өнерім саған, туған ел!» атты бұл кеш тек концерт емес, ауыл мен аудан арасындағы мәдени байланыстың, бауырмалдық пен бірліктің алтын көпірі болды. Жайдары кеш, жылы жүздер, шынайы өнер – мұның бәрі Зинеденнің халыққа деген ықыласын паш еткен рухани тарту ретінде есте қалды.
Еркебұлан УАЛИТХАН