Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде ерекше рухты, өнер мен шабытқа толы іс-шара өтті. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық комитеті филиалының ұйымдастыруымен «Егеменді еліміздің еңселі ұстаздары» атты аудандық байқау-фестиваліне аудан мектептерінен 28 өнерпаз ұстаз қатысты.
Фестиваль аясында педагогтар «Эстрадалық вокал», «Дәстүрлі ән» және «Хореографиялық би» жанрлары бойынша бақ сынап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Өнер бәйгесі барысында ұстаздар тек білім берудің емес, өнердің де хас шеберлері екенін тағы бір дәлелдеді.
Ал мұндағы мақсат– білім мен ғылым саласында қызмет етіп жүрген шығармашыл, дарынды педагогтарды анықтап, олардың өнерге деген құштарлығын қолдау, шығармашылық әлеуетін ашу болатын.
Іс-шараның шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева іс-шараның мән-маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгінгі байқауға белсене қатысушы өнерпаздарға қарап, көзім тойып отыр. Себебі олар оқу үрдісінен бөлек, рухани жан – дүниесі бай, өнерге деген құштарлығы зор азаматтар. Әсіресе сахнада өзін-өзі ұстау әдептілігі мен мәдениеттілігі таңғалдырды. Жас мұғалімдердің белсенділігі мен көптеп қатысып жатқаны көңіл қуантады,-деді ол өз сөзінде.
Фестиваль шымылдығын дәстүрлі ән орындаушылары ашты. Домбыра мен баян сүйемелімен сегіз үміткер өнер көрсетіп, жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Нәтижесінде, Жасқайрат бастауыш мектебінің мұғалімі Лена Қуандықова Майлықожаның «Насихат болған» термесін нақышына келтіре орындап, 1-орынға лайық деп танылды. Ал Өркен орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Гүлден Еркін қоңыр үнмен көрерменнің көңілінен шығып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан кейінгі кезекті хореографиялық өнер номинациясына қатысушылар жалғады. Қазақ және үнді биін мың бұрала орындаған бес үміткер сахнаның сәнін келтіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл бағытта Өркен бөбекжай-бақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы Арайлым Жанұзақова 1-орын иеленсе, Нұршуақ бөбекжай-бақшасының саз жетекшісі Арайгүл Шапихова қазақ биімен көзге түсіп, бас жүлдеге ие болды. Фестивальдің соңғы бөлігі – эстрадалық вокал сайысына он төрт ұстаз қатысты. Мұнда да тартысты өнер бәйгесі өрбіді. Әуезді дауыс пен жүректі тербеген ән ғана жеңіске жеткізді. Исатай орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маманы Темірхан Азербаев орыс халқының әнін шеберлікпен орындап, 1-орынға лайық деп танылды. Ал Ш.Шәріпов саз мектебінің мұғалімі Зухра Иралиева халық сүйіп тыңдайтын «Атамекен» әнін асқан сезіммен жеткізіп, бас жүлдені еншіледі. Байқау соңында ұйымдастырушылар тарапынан барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар, бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар әр жанр бойынша бас жүлдеге ие болғандар алдағы облыстық кезеңге жолдама алып, Исатай ауданының намысын қорғайтын болды.
Сағыныш ҚАЙЫР
сурет автордікі