Киелі Нарын топырағы – өнер мен өнерпаздарға бай өлке. Сол өнер иелерінің бірі де бірегейі Ғатау Рамазанов десек бекерден-бекер айтпаған болар едік. Олай дейтін себебіміз, ол кісі елге сіңірген еңбегімен, абыройлы қызметімен, жан-жақты өнерпаздығымен, өнер жолындағы ізденістерімен көрінген білімдар азамат, режиссер, артист, әдебиет пен өнер насихатшысы, қаламгер болды.
Алдымен айтарымыз, Ғатекең Аққыстау халық театрының іргетасын қалап, қара шаңырағын көтеруге өлшеусіз үлес қосты, театрдың өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек етті. Ол ондаған ірілі-ұсақты спектакльдерді сахнаға шығарды, режиссер бола жүріп, көптеген қойылымдарда басты рөлдерде ойнады. Аға сомдаған бейнелер көрермендерді разы етті, оны арқасы бар, өр намыс-ты, аруақты өнерпаз ретінде танытты. Оның тынымсыз ізденісінің, репертуарға жауапкершілікпен қарауының, жас шамасы мен кәсібі әр алуан адамдардан құралған көркемөнерпаздар ұжымының өнерін ұштай білуінің арқасында театр кәсіпқой деңгейге көтеріліп, халықтық ұжым атағына ие болды. Халық театры ауыл адамдарының эстетикалық жағынан жетілуіне, олардың бойында жоғары адамгершілік және азаматтық қасиеттердің қалыптасуына игі әсерін тигізді.
Ғатекең тілге жүйрік, сөзге шебер қаламгерлігімен де таныла білді. Сөз құдіретін еркін пайдаланып, қиыннан қиыстырып, ойына шырай бере білген жанның бірі. Оған әр жылдары баспасөз беттерінде жариялаған мақалалары, әңгімелері, естеліктері куә.
1967 жылы драма ұжымдары арасында халық театрларының байқауы өтті. Осы байқауға Б.Қорқытовтың «Ақбөбек» қойылымын алып барған Чапаев мәдениет үйінің драма ұжымы байқау нәтижесінде Аққыстау халық театры атағын жеңіп алғаны есімізде. Театр атағын алғанда Ақбөбек рөлін Дариға Ахмедиярова ойнады. Ал осы мақала авторларының бірі (Мақпал Отарова) осында екі рөлде ойнады. 1968 жылғы қойылымда Ақбөбек рөлінде мақаланың тағы бір авторы (Ұлжан Қабидуллина) ойнады.
Бұдан кейін ізін суытпай «Жалбыр», «Жаяу Мұса», «Күтпеген кездесу», «Ана жүрегі», «Ақан сері-Ақтоқты», т.б, үлкен-үлкен тарихи шығармалар сахналанып, халықтың қызығушылығын туғызды. Осы жылдары ауыл өнерпаздары арасынан көптеген талант иелері өсіп шықты. Сол кездерде Ғ.Рамазанов, Н.Үлкенбаев, Ғ.Мұқанов, Ә.Ізтаев, И.Исакулов, Д.Ахмедиярова, Ж.Қайрлиев, С.Қинешов, Р.Қойшиев, Б.Машаев сияқты тағы басқа қарапайым артистер өз өнерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл күнде сол бір азаматтар мен азаматшалардың көбі арамызда жоқ, имандары саламат болсын дейміз. Қазір сол кезде басты рөлдерде ойнағандардан Ұ.Қабидуллина, Қ.Мұханбетов пен М. Отарова (Мүсілова) үшеуі қалған екенбіз.
1972-1973 жылдардан кейін театрға жастар тартылып, ұжым жаңартылды. Жоғарыда аталған спектакльдер Махамбет, Индер, Құрманғазы, Балықшы, Дамбы, Қызылбалық секілді аудандар мен ауылдарға және Атырау қаласына қойылды. Ол кезде Аққыстау халық театрының атағы бүкіл республикаға дейін белгілі болып, дүрілдеп тұрды. Сол себептен бе екен, театрымызға тіпті сонау Алматы қаласынан Мәдениет министрлігінің басшылары мен өкілдері қайта-қайта келіп, жоғары бағаларын беріп кетіп жатты... Ол кездер сірә да ұмытылар ма?
Айта берсек Ғатау аға жайында, театр туралы айтылар әңгіме көп қой. Біздің қолға қалам алып, редакция жолдаған осы шағын мақаламызда айтайын дегеніміз театр ұжымының жыраққа талып, үлкен атақты иеленуіне Ғатау Рамазанов ағамыздың сіңірген еңбегінің өлшеусіз екенін көкірегі ояу, көзі ашық азаматтардың ойына салу еді. Өмірінің соңғы жиырма бес жылын мәдениет саласына арнаған ағамыз алғыр режиссер болуымен қатар сол уақытта Аққыстау, кейін Чапаев аталған қазіргі Тұщықұдық ауылында мәдениет үйінің салынуына да өзінің айрықша үлесін қосқан еді. Осы халықтық театр Аққыстау атауына ие. Ал сол Аққыстау атауы қазір үлкен бір ауылдық округке және аудан орталығына да берілген. Сондықтан да осы мақала соңында ағамыздың ауыл мәдениетіне қосқан ерекше еңбегін ескере отырып, халық театрына Ғатау Рамазановтың атын беруді ұсыныс еткіміз келеді.
Иә, Ғ.Рамазанов Аққыстау халық театры атағын бес рет қорғап қалу жолында тер төккен аяулы азаматтың бірі еді. Ағамыз өмірден өткеннен кейін оның «Аманат» атты кітабын Мәрзия Ғатауқызы жинақтап, жерлесіміз, белгілі қаламгер, журналист Самат Бектенұлы мен «Баспа Үйі» акционерлік қоғамының президенті Әділ Қаженбайұлы Алматы қаласының «Сардар» баспасынан 2006 жылы бастырып шығарды. Ал енді ағаның аты халық театрына беріліп жатса бұл да игілікті бір іс болмағы анық.
Ұлжан ҚАБИДУЛЛИНА, Мақпал ОТАРОВА (Мүсілова),
Аққыстау халық театрының бұрынғы актерлері, зейнеткерлер.
Аққыстау ауылы