ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ӘРЛІ ЖОЛ

суреттер автордікі

 

Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 2000 жылы Аққыстау ауылындағы Ш.Шәріпов атындағы балалар музыка мектебінде тұңғыш рет «Халық әні» сыныбы ашылды. Қазақтың қоңыр дауысты ән өнеріне дем берген бұл бастаманың негізін қалаған – Әсем Жолдасқызы. Қара домбыраны серік етіп, ұлттық әнді бала жүрегіне сіңіре білген ұстаздың еңбегі туралы газетіміздің алдыңғы санында кеңінен баяндаған едік. Ал өткен аптада, нақтырақ айтсақ, бейсенбі күні аудандық «Жалын» мәдениет үйінде сол рухани бастаманың 25 жылдық мерейтойына арналған ерекше кеш өтті. «Ән Әсем» атты бұл есеп беру кеші – ұстазға деген құрметтің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі болды.

 

 

Сахна шымылдығы кішкентай бишілердің  қойылым биімен түрілді. Бұдан кейін сахна төріне кеш иесі – қосымша білім берудің үздігі, зерттеуші-педагог, әнші-ұстаз Әсем Бахитова көтерілді. Ол «Жігер» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың әйгілі әнші-композиторы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнін орындап, көпшілікке ән шашуын арнады. Ұлттық өнерді ұлықтаған бұл рухани кешке жиылған көрерменнің қарасы қалың болды. Тіпті залда ине шаншар орын болмағаны – ән мен сазға деген халықтың сағынышын, рухани дүниеге деген құрметін айқын аңғартты. Алғы сөзді алған кеш иесі Әсем Жолдасқызы көрермен қауымды дәстүрлі әнмен сусындап, рухани шөлін басуға шақырып, мазмұны терең, мәні биік кештің шымылдығын ашты.

-Осы 25 жыл аз да емес, көп те емес. Бірақ жаңа туған сәбиден бозбала шаққа жеткен ғұмыр десе де болады. Сол 25 жылға есеп беру мақсатында бүгінгі күні ізімізге қарасақ, осы күні дәстүрлі әннің алтын көпірі – болашақ шәкірттерім көп екен.Сол шәкірттерім бүгін осы кеште төбе көрсетіп, сіздерге өнерлерін паш етпек,-деді ұлағатты ұстаз.

 

 

Әрмен қарай  жоғарыда аталған саз мектебінен ән әлеміне қанат қаққан түлектер кеш көркін қыздыра түсті. Сахнада мектеп қабырғасында жүріп Лондон қаласында өнер көрсеткен, «Халық әні» сыныбының ең алғашқы түлегі, әнші - ұстаз Жұлдыз Сүндетқалиева бір топ шәкірттерімен келіп, ән шырқап, тыңдарманның таңдайын қаққызды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Петр Ильич Чайковский атындағы музыка колледжінің ұстазы, әнші- Әйгерім Апенова да қоңыр даусымен көрерменді өзіне баурата білді. Ақ сақалды атамыз бен ақ жаулықты әжелеріміз сүйіп тыңдайтын термелерді термеші - ұстаздар Динара Қыдыралина, Айнагүл Базарова, Перизат Сапаева нақышына келтіре орындады. Ал Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның 4 курс  студенті Гүлімай Төлепова нәзік үнімен көпті ерекше сезімге бөледі. Сонымен қатар бір топ шәкірті де өнерлерін ортаға салды.

 

 

Бұл кештің бір ерекшелігі ата-ана, мектеп, оқушы арасындағы үш тағанның байланысын нығайтқан. Сөзімізге дәлел, Әсем Жолдасқызы әр саладағы аналарға домбыра үйретіп, ол аналар  балаларымен қоса «Алтын анам» әнін шырқағаны көпшілікті сүйсінтті. Тіпті,  халықаралық байқаулардың лауреаты Дулат Зулхашев жеңгесіне «Арнау» арнап, көрерменнің жүрегін елжіретті. Алғаш рет сахнаға «Дарын» фольклорлық ансамблі – осы әулеттен тараған өнерлі ұрпақтардың басын қосып, құрылған топ көрерменнің қошеметіне бөленді.

Әрі Әсем Жолдасқызы мен өмірлік жары Дарын Зұлхашевтан тараған ұл-қызы Нұрасыл мен Аяғөз «Ағайынды бауырлар» тобымен біраз байқаулардан топ жарып жүр.Олар да осы кештің ортасынан табылып, «Менің әкем – ең жақсы адам» әнімен жиылған көпшіліктің жанарына жас ұялатты. Осылайша «Ән Әсем» атты дәстүрлі ән кеші толғаныс, тебіреніс сезімге толы әсерлі аяқталды. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан кеш кейіпкеріне ақжарма тілегін білдіріп, оған аудан әкімі атынан Алғыс хат табыстап, шапан жапты, әрі «Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 85 жыл» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, «Ақжол» демократиялық партиясы атынан  кеш кейіпкері ұзақ жылғы қажырлы еңбегі және еліміздің мәдениет пен өнер саласына қосқан үлесі үшін  «Еңбегім еліме» құрмет белгісіне ие болды.

 

 

Ширек ғасыр бойы ұлттық өнердің шамын сөндірмей, талай шәкірттің жүрегіне дәстүрлі әннің дәнін еккен Әсем Жолдасқызының бұл кеші бір ғана адамның емес, тұтас ұрпақтың рухани биігіне айналған еңбек жолының көрінісі болды. Ұстаздың ізін жалғап, сахнада шеберлікпен ән шырқап, домбыраның күмбірін жеткізген шәкірттерінің өнері – оның еткен еңбегінің жемісі. «Ән – Әсем» атты бұл кеш – отбасылық құндылықты, ұстаздық ұлағатты, ұлттық өнерді ұлықтаған тағылымды шара ретінде ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT