НҰРГҮЛ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ

0 Votes

Қашанда бала жүрегіне жол таба білген, білім нәрімен сусындатып қана қоймай бала бойына тәлім-тәрбиенің асыл қазынасын құя білетін әрі  бала тәрбиесіне жауапты сынып жетекшінің де рөлі орасан.Осы бағытта  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған  «Үздік сынып жетекші» республикалық байқауы таяуда ғана өтіп, оған ауданымыздан Нұргүл Кенжалиева есімді мұғаліміміз қатысты.

Ол Аққыстау орта мектебінің  орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі 9а-сынып жетекшісі ретінде көп жылдық тәжірибесін ұшқыр ойымен ұштастырып, креативті көзқараспен әрі тапқырлығымен көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Осылайша, «Үздік сынып жетекші» республикалық байқауынан жүлде иеленіп, мектеп мерейін өсірді.

-Алдымен аудандық кезеңінен оқушыларға ұлттық құндылықтарды – сонымен қатар адам өмірінде қауіпсіздіктің маңызын насихаттайтын “Өрт – тілсіз жау” атты оқушылармен офлайн жүргізілген жобамды қорғаған болатынмын. Нәтижесінде, аудандық кезеңнен жүлделі 1-орынды иеленіп, облысқа жолдама берілді. Облыстық кезеңде отбасылық құндылықтарды насихаттайтын  оқушыларыммен және олардың әкелерімен өткізілген «ӘкеTime» жобасын таныстырған едім. Осылайша, облыстық кезеңнен де 1-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алдым. Республикалық кезеңге “Сторителлинг: біз еркін және мәдениетті сөйлеуді үйренеміз”  тәрбие жұмысымның нәтижесін ұсынып, кейс сессия аясында шығармашылығымды онлайн (зум) арқылы байланысқа шығып, қорғадым. Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 100-ден аса менің әріптестерім педагог мамандар, 20 тәуелсіз эксперт, 20-дан аса көрермен ретінде оқушы қатысты.Байқаудың негізгі мақсаты – сынып жетекшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеріп, тәрбие жұмысының тиімді әдістері мен технологияларын анықтау және тарату болған еді. Сол талаптарға сай өз жұмысымды қорғап, республикалық кезеңінде жүлделі 2-орын бұйырды. Байқаудың аудандық кезеңі қыркүйек айының 17-18 күні өткен еді, онда республика бойынша 4967 сынып жетекшіні қамтыған болса, ал қыркүйек айының соңында өткен облыстық кезеңге 312 педагог қатысты. Байқаудың финалы осы жақында өткізіліп, 100 педагог маман қатысуымен онлайн (зум) қосымшасының көмегімен өткен болатын,-дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Ол осы республикалық байқау қорытындысы бойынша 100 педагогтің ішінде топ жарып, облысымыздың намысын қорғап Кенжалиева Нұргүл жүлделі 2 орын иеленген еді. Сізді жеңісіңізбен құттықтай отырып, тек шығармашылық табыс тілейміз,осылай өз ісіңіздің үлгілі маманы болып, биіктерден көріне беріңіз!

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521