Соңғы жылдары дамуында ерекшелігі бар немесе білім алу процесі тежелген балалардың саны күрт өсіп келеді. Бұл – қоғам назарынан тыс қалмайтын, шұғыл шешімді талап ететін өзекті мәселе. Бүгінде мемлекет мұндай балаларды оқыту мен қолдаудың заманауи технологияларын жетілдіруге баса назар аударып, олардың толыққанды білім алуына жағдай жасауда. Бұл күрделі түйінді шешудің ең тиімді жолдарының бірі – инклюзивті білім беру. Ол әр баланың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, оларды білім беру жүйесіне толыққанды қосуды көздейді. Сондай-ақ бұл үрдіс тек мектеп қабырғасында ғана емес, отбасымен және қоғаммен тығыз байланыста жүзеге асуы тиіс. Инклюзивті білім тек оқыту әдісі емес, тең мүмкіндіктерге бастайтын, әр балаға өз орнын табуға көмектесетін ізгі жол.
Бүгінде инклюзивті білім беру саясаты аудан деңгейінде де қарқынды жүзеге асырылуда. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін түзету кабинеттерінің маңызы зор. Бұл орталықтар балалардың дамуына кешенді педагогикалық, әлеуметтік және психологиялық көмек беріп, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді. Аудандағы осындай маңызды орталықтардың бірі – №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті. 2005 жылғы 28 сәуірде ашылған бұл мекеме 1 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету мақсатында құрылған. Қазіргі таңда кабинет мамандары бала дамуының әр қырын жан-жақты зерттеп, олармен жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Осы орталықтың қызметі туралы толығырақ білу үшін біз мекеме меңгерушісі Сайрангүл Булековамен сұхбаттасқан едік.
— Сәлеметсіз бе, Сайрангүл Амангелдіқызы! №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің құрылғанына жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселесі көптеген ата-ананы алаңдататыны жасырын емес. Осы жылдар ішінде сіздердің көмектеріңізге жүгінген отбасылардың саны артты ма? Жалпы орталыққа келушілердің динамикасы қандай? Бұл сұраныстың өсуіне қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?
— Қайырлы күн! Иә, әр бала – біздің ұлттық құндылығымыз, ал оның қатарға қосылып, сапалы білім алып, тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған №4 Исатай аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті осы бағытта ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бұл мекеме 1 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді педагогикалық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді. Бүгінде мұнда 66 бала арнайы мамандардан тиісті қолдау алып, түзету-дамыту бағдарламалары бойынша оқытылуда. Кабинетте балаларды оқыту мен түзету жұмыстары жеке, шағын топтық, топтық және консультативтік сабақтар арқылы жүзеге асады. Сабақтар баланың жасына, мүмкіндіктеріне қарай бейімделіп өткізіледі. Топтар бір жастағы немесе әртүрлі жастағы балалардан жасақталады. Сабақ ұзақтығы әр баланың даму ерекшеліктеріне сәйкес белгіленеді. Кабинет мамандары әрбір баланың қажеттілігін пәнаралық командалық бағалау арқылы анықтап, оның әлеуметтік бейімделуіне көмектеседі. Баланың дамуына байланысты жеке дамыту бағдарламасы жасалып, онда сөйлеу, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық, моторикалық және өзін-өзі күту дағдыларын жетілдіруге басымдық беріледі. Балалардың ата-аналарымен де тұрақты жұмыс жүргізіледі. Оларға кеңес беру, психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ балаларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты туындайтын сұрақтарға жауап беру – кабинет қызметінің маңызды бөлігі. Сонымен қатар ата-аналар үшін мерекелік іс-шаралар мен ашық сабақтар ұйымдастырылып, оларды түзету процесіне белсенді түрде тарту көзделген. Кабинет ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік бейімделуі мен білім алуына тең жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік қызмет түрлерін жүзеге асырады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың бойындағы мүмкіндікті дамытып, оның қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік беру. Осы арқылы біз ерекше балалардың болашағына сенім ұялатып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосамыз.
— Иә, өзіңіз тілге тиек еткендей балалардың дамуында білікті мамандардың рөлі ерекше. Бұл түзету кабинетінде олардың жан-жақты дамуына қандай мамандар қолдау көрсетеді? Сондай-ақ, осы мамандардың көмегіне жүгіну үшін балаларды қабылдау қалай және қандай негізде жүзеге асырылады?
–Кабинетке балалар Атырау облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ОПМПК) қорытындысы негізінде қабылданады. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының жолдамасы, ата-анасының өтініші және келісімшарт арқылы да қабылдау жүргізіледі. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ерекше білім беруге қажеттілігі бар туылғаннан 18 жасқа дейінгі балаларға қолдау көрсетеді. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты бұзылыстары, көру, есту, сөйлеу, зерде кемістігі бар балалар, психологиялық дамуы тежелген, эмоциялық-ерік әрекетінде және мінез-құлқында ауытқуы бар балалар бар. Бала кабинетке қабылданғаннан кейін екі апта ішінде мамандар диагностикалық зерттеу жүргізіп, командалық бағалау арқылы түзету-дамыту жұмыстарының мақсатын айқындайды. Балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қожан» ЖШС компаниясы демеушілік көрсетіп, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры арқылы сенсорлық кабинет жабдықталды. Сонымен қатар, Атырау облыстық мәслихатының шешімімен кабинет ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу процесі үшін толықтай жайлы орта жасақталды. Биыл ғимаратты жөндеуге Атырау облыстық мәслихатының шешімімен қаражат бөлініп, мекеменің ішкі-сыртқы бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда оқу процесіне толық жағдай жасалған. «№4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 1-меңгеруші, 1-әдіскер, 3- логопед, 3 -дефектолог, 2- психолог, 1- әлеуметтік педагог, 1- олигофренопедагог, 1- бала дәрігері, 1 -емдік дене шынықтыру маманы, 1-тәрбиеші, 1 медбике-массажист, 1 музыкалық ырғақ бойынша педагог ерекше білімді қажет ететін балалармен психологиялық-педагогикалық түзеу көмегін көрсетеді. Мамандар педагогикалық жоғары білімді, арнайы курстан өткен. Педагогтар 2 сарапшы, 6 модератор біліктілігінен өткенін де айта аламыз. Осы жылдың 17-19 ақпан аралығында келген облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің көшпелі комиссиясының қорытындысымен 32 бала жақсарып, кабинет есебінен шықты. Қазіргі таңда кабинетте психологиялық-педагогикалық көмек алып жүрген бала саны 66 бала болса, мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алатын үш бала бар.
–Қазіргі таңда сіздерді қандай мәселелер толғандырады? Демеушілік танытар мекемелер немесе белгілі азамат бар ма?
–Бүгінгі күні бізге психофизикалық дамуы бұзылған 32 бала жазылды. Олар жеке жоспарлар мен кестелер бойынша айналысады. Бізде дефектолог, логопед, психолог, сенсорика кабинеті, ритмика, оқу кабинеттері, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі бар. Яғни, балалар күнделікті өмірге бейімделе алады және өз бетінше қимыл-қозғалысқа үйренеді. Бұрын ата-аналар оларды басқа қалаларға апаратын, онда олар ақылы түрде айналысатын. Біздің орталықта олар барлық қызметтерді тегін ала алады. Жаңа орталықта кедергісіз орта құрылды. Пандустар, тактильді жолдар, тұтқалар, ақпараттық тақтайшалар қарастырылған, табалдырықтар жоқ. Мамандар штаты толық, түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар бар.Мереке қарсаңында аудан арасындағы белгілі мекемелер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тәттілерін әкеліп қуантып кетеді.Соның ішінде Жастар ресурстық орталығын, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерін атап өтуге болады.Сондай-ақ, үнемі назардан тысқары қалдырмай, балаларға қажетті құрал-жабдықтарымен «Жайықмұнайгаз» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы қамтамасыз етіп келеді. Осындай қайырымдылық десе білек сыбана басы-қасында жүретін жаны жомарт мекемелер мен жайсаң жандарға шексіз ризамыз.
– Бәрекелді! Ал айтыңызшы, кішкентай баланың тілі енді шығып, былдырлағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Оған не себеп деп ойлайсыз?
-Баланың сөйлеу дағдысының қалыптасуы ана құрсағындағы кезеңнен басталады. Өкінішке қарай соңғы жылдары тілдің кеш шығуы немесе сөйлеу қабілетінің тежелуі жиі кездесетін мәселеге айналды. Мұның себептері әртүрлі болуы мүмкін:
– Ана денсаулығы – жүктілік кезінде қаназдық, түрлі инфекция жұқтыру, депрессияға түсу баланың ми қызметіне әсер етіп, тілдің дамуын тежейді.
– Босану кезіндегі қателіктер – дәрігерлердің қате әрекеттерінен баланың бас-ми бөлігіне зақым келуі мүмкін.
– Ата-ананың баламен қарым-қатынасы – балаға жеткілікті көңіл бөлмеу, онымен ашық сөйлеспеу сөздік қорының азаюына алып келеді.
– Ұзақ уақыт емізік ему баланың артикуляциялық аппаратын дамытпайды, бұл дыбыстарды дұрыс айтуға кері әсер етеді.
– Телефонға тәуелділік виртуалды әлемге еніп, шынайы қарым-қатынастың азаюы баланың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруын тежейді.
Бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-ге жуық сөзді анық айтуы тиіс, ал үш жастан асқан соң еркін сөйлей алуы қажет. Егер бала 8 айлығынан бастап дыбыстар шығарып, сөздерді айтпаса, диагноз қойылып, тиісті түзету жұмыстары жүргізілуі керек. Ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді көмек көрсету мақсатында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Кабинетке балалар облыстық медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестің (ОПМПК) қорытындысы бойынша қабылданады. Мұнда:
– Логопедтер – тіл кемшіліктерін түзетуге бағытталған жаттығулар өткізеді.
– Психологтар – баланың эмоциялық-ерік әрекетін қалыптастырады, қорқыныштан арылуына көмектеседі.
– Емдік дене шынықтыру мамандары – моториканы дамытуға арналған жаттығулар жүргізеді.
– Дефектологтар – сөйлеу және ақыл-ой дамуы тежелген балалармен жұмыс істейді.
Сонымен қатар монтессори бөлмесі, сенсорлық бөлме, ойын бөлмесі, әлеуметтік бөлме сынды арнайы жабдықталған орындарда балаларға түрлі дамытушы бағдарламалар ұсынылады.
Жалпы, түзету кабинетінің басты мақсаты – балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың танымдық, сөйлеу және моторикалық дағдыларын дамыту. Бала арнайы мамандардың көмегімен:
- Өзін-өзі басқару дағдыларын меңгереді
- Жалпы және ұсақ қол моторикасын дамытады
- Психологиялық тұрақтылыққа қол жеткізеді
- Әлеуметтік ортаға бейімделеді
Баламен жүйелі түрде жұмыс жүргізілсе, оң нәтижеге жетуге болады. Ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналары олардың қоғамнан тыс қалмай, өз орнын табуына жағдай жасаудың маңыздылығын түсінуі тиіс. Бұл салада қиындықтар да, жетістіктер де қатар жүреді. Дегенмен, балалардың тілінің шығып, дамуында оң өзгерістер байқалуы – ең үлкен жетістік.
– Балалардың дамуына қосып жатқан үлестеріңіз зор. Тұшымды әңгімеңізге рахмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан: Сағыныш ҚАЙЫР