Қыркүйекте бастау алған алдағы жылдың басылымдарына жазылу науқаны да мәреге жететін мезгіл таялып қалды.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» болатыны қашаннан белгілі, соны ескерген біз де аудандық пошта байланысы торабының басшысы Әліби Алпамысұлы Хайдаровқа хабарластық. Әңгіме аудан айнасына алдағы жылға жазылудың жайы төңірегінде өрбіді.
- Осыған дейін ауданға 8197 дана газет-журнал келіп тұрды. Алдағы жылдың межесі – 8200 дана басылымға жазылу болып отыр,-деді торап басшысы аудан бойынша алғанда жалпы басылымдарға жазылудың жайынан бастап.
–Соған орай, кезінде, әрбір кәсіпорын-мекемелерге арнайы бөлініске сай қанша газет-журналға жазылу керектігі туралы хабардар етілді, қолдарында бар. Қазір сол бағытта жұмыс жүріп жатыр.
- Оның жүргізіліп жатқанынан біз де құлағдармыз, нәтижесі қалай болуда?
- Әрине, бәрін көрсететін нәтиже екені белгілі. Ол көңілдегідей болмай отырғаны рас. Қарашаның 28-іне дейін барлығы 28 пайызға ғана жазылу жүрді, яғни, жоспарланған 8200 дана басылымның 2290 данасына жазылдық. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша жоспарлы басылымдарға жазылу 109 пайызға жүргенін, өрт сөндіру бөлімі бойынша 182 пайыз болып орындалғанын айтуымыз керек деп есептеймін. Алайда, бәрі бұлай болмай отырғанын жасыра алмаймыз.
- Қандай басылымдарға жазылу көбірек екенін білуге бола ма?
- Ауылдастар өзіміздің «Нарын таңына» бірінші кезекте жазылуға тырысады, қазіргі оның көрсеткіші 795 дананы құрады. Одан кейін «Егемен Қазақстан», «Атырау», тағы басқалары болып келеді.
- Жазылу барысын округтер бойынша саралағандағы нәтиже қандай?
- Алдағы жылға жазылуды жоспарлау барысында ондағы тұрғын халықтың, кәсіпорын, мекемелердің саны ескерілетінін айта кетейін. Сол бойынша берілген бөліністің орындалуының көш басында Исатай ауылдық округі келеді. Мұндағы жазылу барысы өздеріне берілген бөліністің 53 пайызын құрады, яғни бұл жерде ауылдық округ әкімі, сондағы кәсіпорын, мекемелер басшылары, тұрғындардың, ұжым мүшелерінің рухани азықтан құр қалмауын да ойлап, белсендірек қимылдап отыр деп білеміз. Ал Тұщықұдық ауылдық округі бөліністегі 390 дана басылымның 156-сына жазылып, 40 пайыздық межеден көрінді. Есепті кезеңдегі Қамысқала ауылдық округінің көрсеткіші 21 пайыз ғана болды. Бұдан кейінгі орындарда Жанбай, Забурын (екеуі де 11 па-йыздан орындаған), Аққыстау (8 пайыз) ауылдық округтері келеді. Ал бөліністе 240 дана басылымға жазылу керектігі көрініс тапқан Нарын ауылдық округінде 9 дана ғана басылымға жазылу жүрген, бұл 3-ақ пайызды құрайды. Әрине, біз өз тарапымыздан жазылу барысын ұдайы назарда ұстаймыз. Күн құрғатпай хабарласып отырғандағы жағдай осындай болып тұр.
- Мұның бәрі, түптеп келгенде, сіздердің де жұмыстарыңыздың бір көрсеткіші саналатынын жоққа шығаруға болмас. Осы ретте өз тараптарыңыздан басқа қандай қарекеттер жүзеге асырылуда?
- Қазір біздің әрбір ауылдағы пошташыларымыз көше-көшені, үй-үйді аралап, жекелеген тұрғындарды газет-журналдарға жаздыруға жұмыс жасап жүр, бұл соңғы уақытта дәстүрге айналып келе жатқан әрекетіміз. Енді, осы жолғы науқанның жүру барысында кәсіпорын, мекемелермен, ұйымдармен байланыста белсендірек қимылдап, олармен де жазылудың тезірек жүруін жүзеге асыруды қолға алдық. Сөйтіп, қандайма ұжым болсын, кім қандай басылымға жазылатынын анықтап алып, бізге хабарласса, бір қызметкеріміз барып, барлығын жаздырып, түбіртектерін де өзі жеткізіп беретін болды. Мұның пайдалы жағы, әр қызметкер жеке өзі барып, жазылу үшін кезекке тұрып, уақытын текке өткізіп жүрмейді. Қазір біздің бұл қызметімізді пайдаланып жатқандар да бар.
- Ауылдастарға айтарыңыз бар ма?
- Жазылудың мәреге жетер күні де жақындай береді енді. Республикалық басылымдарға жазылу 20 желтоқсанда аяқталады, жергілікті басылымдарға 25-іне дейін жүргізіледі. Осы айда демалыс күндері де көптігін ескерсек, ауылдастардың өзі үшін, отбасы үшін тезірек жазылып қалуға асыққаны, құнтсыздыққа салынбағаны абзал.
Сұхбаттасқан Жоламан ДӘУЛЕТИЯР