ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ӨРЕНДЕР...

Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге беруді қарастырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен тікелей араласауға мүмкіндік алады. Қатарластары арасында өзіне деген сенімділігі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп-ақ. Жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше. Ендеше, баланың бос уақытын қалай тиімді пайдаланған жөн? Оны қандай үйірмеге берген дұрыс? Осы сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.

Осы орайда біз  үйірме жетекшелерін сөзге тартқан едік. Алдымен аудандық оқушылар үйінің «Бейнелеу» және «Қолөнер» жетекшісі, тәжірбиелі маман Жанбота Серікқызымен кездеске едік. Ол бізге оқушылардың сурет салу қабілетін, қыр-сырын үйретіп, шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында атқарған жұмыстарын егжейлі-тегжейлі айтып өтті.

-Соңғы үш жылдан бері осы үйірмеде бейнелеу өнері бойынша қызмет атқарып келемін. Жалпы тобымда қазір 1-6 сынып аралығындағы қыз бен ұл балалар бар. Менің негізгі міндетім бейнелеу өнерінен сабақ бере отырып, балалардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Осыған сәйкес түрлі бағытта жұмыс жүргізіп келемін. Үйірме альбом немесе кітап бетіндегі суреттерді салумен шектелмейді. Атап айтқанда, майлы бояумен,аквариммен қалай жұмыс жасау керектігін жіті түсіндіремін. Қолдың моторикасын дамытып, көркемдік дағдыларды меңгеріп ғана қоймай, әртүрлі материалдармен жұмыс істеу дағдысын да қалыптастыруға тырысамын. Сурет салуға да, шеберлікке де адамның бойында аз да болса бір икемі, қабілеті, таланты болуы аса қажет. Сондықтан осы қағидатты басты назарда ұстап, әр баланың қызығушылығына ерекше ден қоямыз. Жоғары сыныптың оқушылары бізбен тығыз байланысты жұмыс жасай біледі.1-топта 17 бала қабылданатындықтан, 3 тобым бар. Әр баланың қарым-қабілетіне қарап жұмыс жүргіземін. Бала жалығып,зерігіп кетпес үшін ара-тұра түрлі ойындар ұйымдастыруға тура келеді. Қазіргі таңда бір жыл көлеміне жақын «Шебер қолдар» үйірмесін қатар жүргізіп келемін. Қазір қолөнер бағыты бойынша жұмыс жасап, оның ішінде балаларға тек су моншақпен жұмыс жасауды үйретіп жатырмын. Бұл өнер тек моншақпен және жилканың көмегімен ғана жасалады. Аталған қолөнер үйірмесіне 2-6 сынып қыз балалары қабылданады. Жалпы саны 75, яғни  бес топпен жұмыс жасаудамын. Арасында талантты балаларымызда баршылық.Оған  оқушыларымның облыстық, республикалық суретшілер байқауынан алып жүрген  жүлделі орындары дәлел бола алады,- деді ол.

Кейбір балалар сазды әуен не болмаса, белгілі аспапты сүйемелдеп орындауға қызығып, танданары сөзсіз. Осы ретте бүкіләлемде танылған ең ерекше және таңғажайып аспап –фортепианоға тоқтала өтсек. Фортепианода естілген әуендер адамға керемет әсер береді. Бұл аспаптың дыбыстық палитрасының барлық сұлулығын, әсемдігі мен алуан түрлілігін сипаттау мүмкін емес, ол тек әуезді әуенімен ғана құлақта қалады. Осы орай біз ауданымыздағы Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің «Фортепиано» сыныбының жетекшісі Эльмира Нұрқуатқызын да сөзге тарттық.

-Музыканы оқу барысында оқушылардың ойлау қабілеті дами түседі. Олар ойнау дағдыларын игереді, белгілі бір музыкалық қойылымдарды жинақтайды. Осының негізінде музыкаға деген сүйіспеншілік, оны тыңдаудан эстетикалық ләззат сезімі қалыптасып, музыкалық талғам элементтері дамиды. Біздің фортепиано сыныбына 2 сыныптан бастап бала қабылданады. Нақты айтсақ, 8 -13 жас аралығында бала саны қатысады. Себебі фортепианоны ең ұзақ мерзім - 7 жыл оқиды. Бір жағынан үйірме десек болар, бір жағынан оқушылар саз мектебін 5- 7 жылдықты бітірген соң, аттестат алып шығады. Олар нотамен кез келген шығарманы орындай алатын дәрежеге жетеді. Көбіне мектепке балалардың өз қызығушылығымен келген жақсы. Бірақта кішкентай болғасын, жекелей үйретуді көп қажет етеді. Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бүгінгі күні оқушыларым облыстық, респубикалық байқаулардан топжарып жүр. Талай күнгі маңдай теріміз бен сіңірген еңбегіміздің нәтижесі де көңіл қуантады. Өйткені, қазіргі кезде көптеген шәкірттеріміз  түрлі өнер додаларынан жүлделі оралып жүр,-дейді бізге саз мектебінің сынып жетекшісі.

 «Өнерді үйрен де, жирен» демекші, ауданымызда соңғы жылдары өнерге құштар балалар қаулып өсіп келеді.  «Сегіз қырлы, бір сырлы болу» оларға ешқашан  көптік етпейді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың жасынан оқуға, өнер үйренуге  күш жұмсағаны, әрине абзалырақ. Иә, мектептен тыс үйірмелердің жұмысын көзбен көріп, көңіліміз марқайып қайтты. Неге дейсіз ғой? Тек қана мектеп білімімен шектелмей-ақ, қосымша өнер, білім іздеген жас толқынның жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көріп қуандық. Себебі бұл үйірмелер – білімқұмар шәкірттердің алдағы уақыттағы бағындырар белестерге апарар даңғыл жолдарының бірі екені даусыз болса керек.

 

                                                                                                           Сағыныш ҚАЙЫР   

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521