Жұма күні Атырау облысының бас имамы Болатбек Абу ауданымызға арнайы сапармен атбасын бұрып, аудан әкімі Нұрым Мусинмен және аудан ардагерлерімен кездесулер өткізді. Бұл сапар өңірдің діни ахуалы мен рухани жағдайын жақсарту, жергілікті тұрғындардың рухани білім деңгейін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында бас имам Болатбек Ұласқанұлы жастар арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін бірқатар ұсыныстар жасады. Ол мешіттерде діни уағыздар мен білім беру іс-шараларын ұйымдастырудың, халықты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар бас имам өңірдің діни ахуалы мен рухани білім деңгейін арттыру үшін жергілікті діни мекемелер мен билік органдарының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қажеттілік бар екенін жеткізді. Аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы өз кезегінде діни мекемелермен бірге әлеуметтік-рухани жобаларды іске асырудың аса маңызды екенін атап өтті. Ол жергілікті мешіттердегі имамдардың тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін айтып, ауданның діни және рухани ахуалын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынатынын айтты. Кездесу соңында бас имам Болатбек Ұласқанұлы аудан әкіміне мүфтият баспасынан шыққан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты құнды кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Нұрым Бекежанұлы ауданымыздың бай тарихы мен ұлттық құндылықтарын ерекше атап, бас имамға Исатай ауданының шежіре кітабын сыйға берді. Екі тарап та ауданның діни және әлеуметтік өмірін жақсарту мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Сол күні Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан ардагерлерімен кездесті. Кездесуді ашқан аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы ардагерлерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Атырау облысының бас имамы болып Болатбек Ұласқанұлының тағайындалғанын хабарлап, ауданымыздың тарихы мен діни ахуалы туралы мәлімет берді. Бас имам ардагерлерге өз кезегінде уақыттарын бөліп, кездесуге келгендері үшін алғыс айтып, көкейкесті сауалдарға жауап берді. Ардагерлер бас имамға діни саладағы маңызды мәселелер мен ұсыныстарын жеткізіп, кездесу соңында өз баталарын берді. Екі кездесу де ауданның діни және әлеуметтік өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды талқылауға мүмкіндік беріп, діни бірлік пен рухани жаңғыру жолында жаңа ынтымақтастықтың негізін қалады.
Жайна ИСЛАТ